NIS оқушысы физикадан Еуропалық олимпиадада күміс жүлдегер атанды

15-19 шілде аралығында Кутаиси қаласында EuPhO-2024 Еуропалық физика олимпиадасы өтті. Қазақстаннан білім бәйгесіне 4 оқушы қатысты. Барлығы жүлдегер атанды.

Байқауда ел намысын қорғаған Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Бекасыл Елубай ІІ орын иеленді. Озат оқушы екінші орын алғандардың ішінде ең көп ұпай жинаған.

Бұл Бекасылдың алғашқы жүлдесі емес. Бұған дейін дарынды оқушы Халықаралық Азия физика олимпиадасында (APhO 2024) қола медаль, Халықаралық астрофизика және астрономия олимпиадасында және Жәутіков олимпиадасында жүлдегер атанды.

Айта кетейік, Еуропалық физика олимпиадасы – жоғары сынып оқушыларына арналған халықаралық деңгейдегі аймақтық байқау. Алғаш рет 2017 жылы Эстонияда өтті. Олимпиадаға әр елден 20 жастан аспаған 5 оқушы мен бір жетекшіден тұратын команда қатысып, бақтарын сынай алады.