NIS оқушысы егін өнімділігін арттыратын синтез ойлап тапты

Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Анастасия Цай ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға арналған биологиялық белсенділігі жоғары жаңа иондық сұйықтық синтезін әзірледі. Бұл егін өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ол өзінің ғылыми жетекшісі, химия пәнінің мұғалімі Ануар Аметұлымен бірге зерттеу жүргізген.

Анастасияның ғылыми жұмысының тақырыбы - «Синтез және өсу - метил димедролының ынталандырушы белсенділігі». Жобаның негізгі мақсаты – димедрол негізіндегі жаңа иондық қосылыстың синтезін жасау, сондай-ақ бидай тұқымын өсіру арқылы қосылыстың биогендік белсенділігін тексеру.

Халық санының артуына байланысты мұндай жобаға сұраныс күшейеді дейді зияткер. Өйткені аталған синтез ауылшаруашылығы саласында шығындардың азаюына ықпал етеді.

Анастасия түрлі дақылдар мен бактериялардың көмегімен қосылыстың биогендік белсенділігін одан әрі тексеруді жоспарлап отыр.