Баспасөз-қызметі
NIS оқушыларының «AgriMo» жобасы республикалық байқауларда үздік деп танылды
Елордадағы NIS Халықаралық Бакалавриат оқушылары Әлішер Нияз Орынбай, Әділет Аусарбеков, Айлин Нұрашева, Әлиәмір Құрманғазы, Дәния Кенебай және Халықаралық мектептен Мәулет Сейітов республикалық «Tolyq Adam» конкурсында бірінші орын, «Industry 4.0 Startup Battle» байқауында үшінші орын иеленіп, 3 млн және 5000$ көлемінде сыйақы алды.
Зияткерлер екі жарыста да «AgriMo» жобасын ұсынды. Бұл өнертабыс – ауыл шаруашылығы секторын дербес басқарудың және кәсіби мамандарды тартудың ақылды жүйесі.
Команда капитаны Әлішер Нияз Орынбайдың сөзінше, бұл тек елдегі ауыл шаруашылық мәселесін ғана емес, әлемдегі жаһандық проблеманы шешуге бағытталған:
– «AgriMo» жобасына кіріспес бұрын жасанды интеллект модельдерін жасауға қызығушылық мол болды. Сол кезде Қазақстандағы маңызды секторлардың бірі – ауыл шаруашылық саласына жаңа леп беру идеясы туды, себебі цифрландыру мәселесі және оны шешудің мүмкіндіктерін көрдік. Нәтижесінде егіннің кез-келген шығынын азайта отырып, оны дербес және тиімді басқара алатын ақылды басқару жүйесін жасақтадық. Бұл жоба түбінде әлемдегі аштық проблемасын болдырмауға да үлкен үлесін қосады.
Команда мүшелері – Астанадағы цифрлық FabLab powered by NURIS резиденттері.