Баспасөз-қызметі
NIS оқушылары робототехникадан FIRST дүниежүзілік чемпионатына жолдама алды
Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Central Asia FIRST Championship» робототехникадан Орталық Азия ойындарында жеңіске жетіп, сәуір айында АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST дүниежүзілік чемпионатына жолдама алды.
«Central Asia FIRST Championship» байқауы биыл Астанада өтіп, оған Гонконг, БАӘ, Түркия және басқа да мемлекеттерден келген 3000-нан аса жас робототехник қатысты.
Чемпионат дүниежүзілік FIRST байқауының ережесіне сәйкес үш жас санат бойынша ұйымдастырылды: FLL Explore (6-10 жас), FLL Challenge (10-16 жас) және FIRST Tech Challenge (12-18 жас). Чемпионатқа роботтар ойынымен қатар инновациялық жобалар байқауы және төрешілер сессиялары кірді.
NIS оқушылары FIRST Tech Challenge санатында өнер көрсетті. Чемпионаттың биылғы маусымы шығармашылық индустрия мен өнер тақырыбына арналып, командалар кино, музыка, театр, цирк, кескіндеме салаларындағы мәселелерді шешті.
– Жарысқа қатысу үшін көп еңбектендік, біліміміз бен дағдыларымызды шыңдадық. Нәтижесінде еңбек ақталды. Әлемдік кезеңді асыға күтіп жүрміз, жаңа белесті бағындыратымызға үмітіміз бол, – дейді команда мүшесі Айдар Ермұханов.
Еске салсақ, Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS командасы 2022 жылы Швейцарияда, 2023 жылы Сингапурда өткен робототехникадан дүниежүзілік FIRST Global Challenge жарыстарында абсолютті чемпион құрама атанған еді.