NIS оқушылары мен мұғалімдері Оқу-ағарту министрімен кездесті

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев беделді халықаралық олимпиада жеңімпаздары және жүлдегерлерімен, сондай-ақ оқушыларды дайындаған педагогтермен жүздесті.

Шараға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымынан IGeO олимпиадасының қола медалисі атанған Шымкенттегі химия-биология бағытындағы NIS оқушысы Арсен Сыдықов пен тренері Мөлдір Жүнісова, IPhO олимпиадасында күміс еншілеген Ақтөбедегі Зияткерлік мектептің түлегі Алишер Еркебаев пен оның ұстазы Мират Оспанов, Астана мен Алматы қалаларындағы физика-математика бағыттарындағы NIS-тің химия және физика пәндерінің мұғалімдері Нұрбол Келгенбаев пен Калдархан Джумадиллаев, Павлодардағы Зияткерлік мектептің химия пәні оқытушысы Ілияс Шорманов қатысты.

Оқу-ағарту министрі жеңімпаздарды жетістіктерімен құттықтап, халықаралық олимпиадаларда жүлдегер болған қазақстандық оқушыларды қолдау шараларына тоқталды.

– Өткен жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге біржолғы сыйақы төленуде. Биыл әлемдегі ең беделді 7 олимпиадада жүлдегер атанған 23 оқушыға 65,5 млн теңге, ал 20 педагогке 6 млн теңгеге жуық ақшалай сыйақы берілді. Бұл шаралар, ең алдымен, олимпиадашылардың беделін арттыруға және отандық ғылымның болашақ жұлдыздарын қалыптастыруға бағытталған, – деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Айта кетейік, алтын медаль үшін – 1500 АЕК, күміс медаль үшін – 1000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы қарастырылған. Алтын медаль иегерін дайындаған педагогке сыйақы – базалық лауазымдық жалақының 26,5 еселенген мөлшерінде, күміс үшін – базалық лауазымдық жалақының 17,5 еселенген мөлшерінде, қола үшін – базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшерінде төленеді.