NIS оқушылары халықаралық географиялық олимпиадада екі медаль жеңіп алды

Зияткерлік мектептердің екі оқушысы Индонезияның Бандунг қаласында өткен IGеO халықаралық географиялық олимпиадасында жеңіске жетіп, ел намысын қорғады. Білім бәсекесіне әлемнің 46 елінен 177 оқушы қатысты.

Ақтөбедегі NIS оқушысы Санжар Хамитов аталмыш байқауда алтын медальға, ал Шымкенттегі химия-биологиялық бағыттағы NIS оқушысы Арсен Сыдықов қола медальға ие болды.

Қатысушылар негізгі үш бөлім бойынша білім жарыстырды. Алғашқы кезеңде жас географтар жазбаша сынақ тапсырса, кейіннен мультимедиялық тест және далалық турдан өтті.

Айта кетейік, былтыр Санжар IGеO – 2022 халықаралық олимпиадасында географиядан абсолютті чемпион атанса, Арсен Сыдықов IESO – 2022 Earth System Project жобалар байқауында алтын жеңіп алған болатын. Ал осы жылдың маусым айында Санжар мен Арсен география пәнінен Еуропалық олимпиаданың жүлдегерлері атанды.