Баспасөз-қызметі
NIS оқушылары географиядан Еуропалық олимпиадада жеңіске жетті
Сербияның Копаоник қаласында өткен географиядан X Еуропалық олимпиадада Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Арсен Сыдықов және Қостанайдағы NIS оқушысы Андрей Енбахтов екі алтын медаль жеңіп алса, талдықорғандық Ақжол Болат пен Шымкенттегі химия-биология бағытындағы NIS оқушысы Қанат Серікбай екі күміс медаль еншіледі.
Бұл жарысқа қазақстандық жас географтармен қатар Ресей, Сербия, Болгария, Румыния, Босния, Герцеговина, Чехия, Литва, Дания және Словения елдерінен 100-ге жуық оқушы қатысты.
Қазақстан құрамасына республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Абай Дүйсен жетекшілік етті. Айта кету керек, географиядан Еуропалық олимпиада (EGeO) 2015 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді.