NIS оқушылары экономикадан халықаралық олимпиадада 4 қола медаль еншіледі

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірден 4 өкілі әлемнің жас үздік экономистері қатарынан көрінді. Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS-тен Азат Сыздықов, елордадағы NIS Халықаралық бакалавриат мектебінен Ұлжан Хамидолла мен Томирис Ыдырысбаева және Оралдағы Зияткерлік мектептен Нұрдәулет Хайдар International Economics Olympiad-тың (IEO) қола медальдарын иеленді.

IEO 24 шілде мен 2 тамыз аралығында өтіп, 50 елден қатысқан оқушыларды қаржылық сауаттылық, бизнес-кейс, экономикадан теориялық және практикалық тапсырмалармен сынады. Халықаралық олимпиаданы ұйымдастырушы мемлекет ретінде биыл Греция тағайындалды. Қазақстан құрама командасы білім бәйгесіне қашықтан қосылды.