Баспасөз-қызметі
NIS оқушылары 24 сағатта 44 IT-жоба әзірледі
Алматыда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «NIS HACKATHON-2024» байқауы қорытындыланды. Екі күндік IT-чемпионат Алматыдағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектепте өтті. Кіші және жоғары санатқа бөлінген 44 команда 1 тәулік ішінде білім беру саласына қатысты ұсынылған мәселелерге бағдарламалық өнім дайындап, технологиялық шешімін табуға тырысты.
Оқушылар жобаларды әзірлеу барысында жасанды интеллектің (ЖИ) түрлерін, чат-боттарды, нейрондық желілерді қолданды. Жас бағдарламашылар қарапайым компьютерлік алгоритмдерге шығармашылық және интеллектуалды мазмұн бере білді, яғни ЖИ арқылы көлемді деректерді талдауды, мәтіндер мен суреттерді, музыка мен бейнематериалдарды жасауды, мұғалімдерге тапсырмаларды тексеруді жеңілдетуді, STEM оқытудың тиімділігін арттыруды, музыкалық аспаптарда ойнауды үйретуді, мамандық таңдауға көмектесуді және басқа да өнертабыстарды ұсынды.
– Жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандықты таңдау оңайға түспейді. Біз бұл туралы ертерек ойлануды ұсынамыз. Біздің қосымшаның мақсаты – 7-8 сыныптардан бастап бірнеше пәндерді ұшастыра оқыту. Қосымша арқылы пайдаланушы соңғы сыныптырда керекті білім жинап, аэроспейсинженеринг, биороботикс, биоинженеринг және басқа да әлемде сұранысқа ие мамандықтар туралы толық түсінікке ие бола алады, – дейді өскемендік зияткерлер Шыңғыс Мағауия мен Еркежан Ерланқызы.
Жоғары санатта бірінші орынды Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS командасы еншілесе, екінші орынды Ақтаудағы Зияткерлік мектеп оқушылары иеленді, ал атыраулық NIS командасына үшінші орын бұйырды.
Кіші санатта Түркістандағы NIS командасы чемпион деп танылды, ал екінші және үшінші орындарды Алматыдағы және Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептердің оқушылары алды.
«Үздік техникалық шешім» номинациясына кіші санаттағы Павлодардағы Зияткерлік мектептің командасы ие болса, «Ең үздік идея» номинациясын жоғары санаттағы Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS командасы, ал «Ең үздік презентация» номинациясын жоғары санаттағы Түркістандағы Зияткерлік мектептің командасы алды.