Баспасөз-қызметі
NIS командасы Сеулда өткен жаһандық пікірсайыста үздік деп танылды
Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS оқушылары беделді «The World Scholar’s Cup» пікірсайыс турнирінің Оңтүстік Корея астанасы Сеулда өткен жаһандық раундында үздік деп танылды.
Енді зияткерлер дебаттың финалдық кезеңі – чемпиондар турниріне жолдама алып, биыл қарашада Йель Университетінде (АҚШ) өнер көрсетеді. NIS командасына ағылшын тілі және жаһандық перспективалар мен жобалық жұмыс пәндері мұғалімі Әйгерім Серікбаева жетекшілік етуде.
«The World Scholar’s Cup Seoul Round – 2023» жаһандық раунды 26 елден келген 2000-нан аса қатысушыны Team Debate, Scholar's Challenge, Scholar's Bowl, Collaborative Writing бағыттарында сынады.
Айла Сайлаубек дебаттық сайыста алтын медаль иеленсе, Айлин Қажмұқан, Ерасыл Серіков және Амал Абдурайымқызы «Scholar’s Challenge» бойынша күміс еншіледі.
«Үздік команда» номинациясын Шахин Мұстафариза, Айла Сайлаубек, Айлин Қажмұқан жеңіп алды.
Еңлік Берікжан жазу шеберлігінен және Әлфайз Мұхтар «Collaborative Writing» бағытында екінші орынды иеленді. Ал «Scholar's Bowl» номинациясы Мадина Нәубетоваға бұйырды.
Сондай-ақ пікірсайыстың мәдени бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Таланттар шоуында» зияткер-домбырашылар қазақ композиторларының атақты күйлерін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді.