NIS командасы робототехникадан Әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды

Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Сингапурда өткен робототехникадан дүниежүзілік FIRST Global Challenge (FGC) жарысында абсолютті чемпион құрама атанды.

Нұрислам Тұрғынбай, Нұрсұлтан Жанзақов, Сергей Гапонов, Дәмелі Шаймерденова және Иманәлі Көксал 191 елден келген 1000-нан аса қатысушының арасынан ең көп ұпай жинап, алтын медальге ие болды. NIS оқушыларын халықаралық байқауға мектептің зертхана меңгерушісі, тренер Бекзат Іңкәров дайындады.

Биылғы FGC чемпионатының тақырыбы сутекті отын ретінде пайдалануға негізделді және қатысушалар имитациялық ойын алаңында сутегі мен оттегі атомдарын сұрыптай алатын роботтар жасады.

Еске салсақ, Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS командасы 2022 жылы Швейцарияда өткен FGC жарысында да рекордтық ұпаймен I орынды еншілеген еді.

FIRST Global Challenge Оқу-ағарту министрлігі ұсынған олимпиадалар тізіміне кіреді, жеңімпаздар әлемнің үздік жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алады.