Баспасөз-қызметі
NIS IB оқушылары Бангкокта өткен Халықаралық олимпиаданың жеңімпаздары атанды
Елордадағы NIS Халықаралық бакалавриат мектебінің оқушылары Аружан Манарбай, Мадина Тоғызбаева және Ален Шакеев «The World Scholar’s Cup» (WSC) олимпиадасының Тайланд астанасы Бангкокта өткен жаһандық раундында 4 алтын және 12 күміс медаль еншілеп, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл зияткерлерге биыл қарашада Йель Университетінде (АҚШ) ұйымдастырылатын Чемпиондар турнирінде өнер көрсетуге мүмкіндік береді.
«The World Scholar’s Cup» – халықаралық академиялық бағдарлама. WSC жыл сайын 65-тен аса елдің 15 мыңнан аса дарынды жастардың білімін тарих, жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдар, музыка мен өнер, әдебиет және де басқа да пәндер бойынша сынайды. Байқау пікірсайыс, шығармашылық емтихан, тестілеу және викторина форматтарында өтеді. Дебат алаңында үш зияткер 1000 команданың ішінде топ жарып, бірден 3 алтын медаль иеленсе, 1 алтын жүлде шығармашылық емтихан бағытында өнер көрсеткен Мадина Тоғызбаеваға бұйырды. Сондай-ақ оқушылардың қоржыны пікірсайыс, шығармашылық емтихан, тестілеу және викторина сайыстарында тағы 12 күміспен толықты.
NIS командасының тәлімгері – Назарбаев Университетінің студенті және 2019 жылғы Чемпиондар турнирінің финалисті Арман Сартаев.