Баспасөз-қызметі
NIS пен «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» қоры ынтымақтастық меморандумына қол қойды
Бүгін елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық Қоғамдық Қоры өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жиынға NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин және «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» қорының президенті Дархан Өте қатысты.
– Бүгінгі меморандум – екі табысты ұйым арасындағы байланысты нығайтудың бірегей мүмкіндігі. Биыл «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейлеріне 30 жыл, Назарбаев Зияткерлік мектептеріне 15 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде ұлттық және халықаралық деңгейде көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Алда күш біріктіріп, тәжірибе алмасу арқылы одан да жоғары нәтижеге жететінімізге сенімдімін, – деп атап өтті Әнуар Қанатұлы.
Құжатта оқу орындарындағы педагогикалық құрамның кәсіби біліктілігі мен оқушылардың білімі және әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу, бірлескен жобалар мен идеяларды іске асырып, республикадағы жалпы білім беретін мектептерге табысты тәжірибе тарату, ақпарат бөлісу, сондай-ақ іскерлік кездесулер, семинарлар, конференциялар мен форумдар өткізу барысында өзара қолдау көрсету көзделген.