Баспасөз-қызметі
NIS халықаралық конференциясының үшінші пленарлық отырысы өтті
«Ауыл мектебінің өркендеуі – қоғам игілігінің кепілі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның үшінші пленарлық отырысы «Қамқор жүрек» қорының тең құрылтайшылары Виктория Шарбону мен Элизабет Турноктың «Игіліктің не екенін анықтау және жергілікті әлеуеттің мүмкіндіктерін кеңейту» тақырыбындағы баяндамасымен басталды.
Спикерлер «Қамқор жүрек» қоғамдық қорының қызметі, балалардың әл-ауқаты, қауіпсіздігі және өзін-өзі тануы туралы баяндады.
– Бір ауыз сөзбен адамның көңілін қалдыруға болады, сол сияқты көтере де алады. Олардың қайғысын мойындап, қолдау көрсетіңіз. Оның талантын ашуға жәрдемдесіңіз. Біз тек ұстаз емеспіз, біз адамбыз. Біз өзімізде махаббат, шыдамдылық пен мейірімділік болмаса айналаға жақсы эмоция сыйлай алмайтынымызды мойындауымыз керек. Сіз өзіңізге сұрақ қоюыңыз керек: басқаларға бере алатын ішіңізде не бар, - деді Виктория Шарбону.
Турку университетінің профессоры, KiVa буллингке қарсы халықаралық бағдарламаның авторы Кристина Салмивалли буллинг пен оның жағымсыз, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді салдары туралы айтты:
– Қазір біз мектепте буллингтің ұзақ мерзімді салдарын зерттеп жатырмыз. Білімі төмен адамдар өз құрдастарына қарағанда көбірек қылмыс жасайды және агрессивті болады. Сондай-ақ оларда жиі жағымсыз даму траекториясы болады, - деді ол.
Ақтөбе облысы Алға ауданындағы Бестамақ орта мектебінің директоры Анара Истеғұлова өз сөзінде «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына қатысу мектепке үлкен мүмкіндік бергенін атап өтті. Бестамақ орта мектебі 1975 жылы салынған. Екі қабатты типтік ғимаратта 707 бала тәрбиеленіп, 85 мұғалім жұмыс істейді. Жоба аясында мектептегі білім сапасы өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға артқан. NIS базасында 81 мұғалім біліктілігін арттырды, 234 семинар мен вебинар өткізілді, конференцияларға мұғалімдердің 90%-ы қатысқан.
– Флагмандық мектептердің дамуына Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары үлкен үлес қосты. Олар бізге семинарлар, мектеп мұғалімдеріне біліктілікті арттыру курстарын өткізді, - деп атап өтті Анара Истеғұлова.