Баспасөз-қызметі
NIS халықаралық конференциясының екінші пленарлық отырысы қорытындыланды
Екінші пленарлық отырысты ашқан Кембридж университетінің құрметті профессоры Колин Маклафлин барлық мұғалімдерді толғандыратын баланың психикалық саулығы мен оның келешектегі өміріне мектеп қауымдастығының әсері туралы баяндады.
Профессор психикалық саулықты қалыптастыратын екі қолдаушы орта ретінде үй мен мектепті атап өтіп, білім ордасындағы қарым-қатынастың әсері бала бойында ұзақ сақталатынын айтты. Оның сөзінше, мектептегі оқыту тәжірибесі шәкірттерге бірдей өнеге бола алмайды, ең бастысы оқушының өз ішінде жағдайды талдап, жақсы мен жаманды ажырата білуі. Ал білім ұясы тұтас бір стратегия құрып, баланың психикалық саулыққа қатысты қиын мәселелердің алдын алуына құзіретті.
– Бала өз пікірінің маңызды екенін ұғынған сәтте ғана өз-өзіне сенімділігі артады. Ол үшін мектеп ішінде балаға жайлы орта, сенімді қатынас орнату қажет, – деді спикер. Ал мектептерді аккредиттеудің білім беру процессі мен оқушылардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге ықпалын Нидерландыдағы Халықаралық Мектептер Кеңесінің (CIS) сарапшысы Грэм Рейнджер мен Қайырбек Буксукбаев талдады. Сарапшылар ішкі өзін-өзі бағалаудың өзектілігін ерекше атап өтті. Қатысушылар мектепті бағалаудың мақсаты мен мәні, халықаралық аккредиттеу стратегиясы мен алгоритмдері, қазақстандық мектептердің бағалау және аккредиттеу саласындағы тәжірибесіне ерекше қызығушылық білдірді.
Жиын барысында Anglian Learning Multi Academy Trust компаниясының негізін қалаушы Кейт Эванс Ұлыбританиядағы екінші ауылдық мектеп саналатын әрі 80 жылдық тарихы бар «Bottisham Village College»-дің методикасын талдады.
– Кембридждің білім беру жөніндегі директоры Генри Мористің көзқарасына негізделген мектепте оқушыларға ересектердің жанында жүріп, жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі, - деді ол өз сөзінде.
Ауылдық мектептер тұжырымдамасы тақырыбын «Bilimkana» қорының негізін қалаушы Толонду Тойчубаев та жалғастырды. Ол Қырғызстанда өзінің бастамасымен ашылған инновациялық тәжірибенің сәтті моделі ретінде мойындалған 15 мектептің стратегиясымен таныстырды.
Оның пікірінше, ауылдық мектептер жергілікті қоғамдастықтың экономикасына әсер етіп, негізгі қозғаушы күшке айналуы мүмкін екенін атап қтті. Бұл мектептің, мәдениеттің, ауылдық кітапханалардың және спорттың біртұтас кластерге бірігуімен байланысты.
– Bilimkana мектептері – бұл жеке әлеуметтік жоба, сондықтан біз мектеп миссиясына, педагог кадрлардың ынтасына мән беруге тырысамыз, – деді ол.