Баспасөз-қызметі
NIS дәстүрлі «BookCrossing» акциясын ауылдағы тірек мектептерде жалғастыруда
NIS-тің дәстүрлі «BookCrossing» акциясы «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасында жалғасын тапты.
Оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар 6500-ден астам көркем және ғылыми-танымдық әдебиеттерді жинақтап, бүгінде барлық дерлік кітаптарды 17 мектепке сыйға тартты.
– «BookCrossing» – NIS-тің көп жылдан бері іске асырып келе жатқан ең табысты жобаларының бірі. Енді тірек мектептердің кітапханалары біздің жүйеде оқуға ұсынылатын кітаптармен толығатын болады, – деп атап өтті Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ.
Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған сұранысқа ие «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы 2022 жылдың жазынан бастап «Қазақстан халқына» қоры, Білім беруді тұрақты дамыту қоры және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен серіктестікте жүзеге асырылуда.