Баспасөз-қызметі
NIS әдістемелік көмек көрсететін ауыл мектептерінің оқушылары робот жасап шығарды
Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйымдастырған Ғылым фестивалінде Шалқар қаласы №3 тірек мектебінің оқушылары әзірлеген «Робот-зертханашысы» ерекше көзге түсті. Ауқымды шараға ұсынылған 140 жоба ішінде оқушылардың еңбегі жұртшылықтың көзайымына айналып, ғылым мен технологияны біріктірген бірден-бір өнертабыс деп танылды.
Осылайша «Robo tirek» командасы өзінің инновациялық жобасы үшін «Техника» бөлімінде бірінші орынды иеленді. 8 сынып оқушылары Арсен Сисенбай мен Мирас Айдарбектің бұл өнертабысы – физика және информатика сабақтарында, сондай-ақ робототехника үйірмесінде зертханалық және практикалық жұмыстарды орындауға көмектеседі. Робот мұғалімдерді күнделікті тапсырмалардан босатып, оқушылармен жеке қарым-қатынас жасауға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Тіпті оқу процесін айтарлықтай оңтайландырады екен. Сонымен қатар ол жоғары сапалы білімге қол жетімділікті арттыруда және студенттердің ғылым мен технологияға деген қызығушылығын көтеруге көмектеседі.
Команданың жұмысы зертханалық роботты жобалау мен құрудың барлық кезеңдерін қамтиды. Мәселен, ақылды технологияның көмегімен қауіпсіздік ережелерін зерттеу, практикалық тапсырмаларды талдау, модельді құрастыру және арнайы бағдарламаны әзірлеуге де болады. Заманауи жоба Балмейз Берниязова мен Ардақ Мұханова сынды мектеп мұғалімдерінің жетекшілігімен жасалған.
NIS-те балаларға зерттеу қызметінде өз әлеуетін ашуға көмектесетін Ғылым фестивалі 6 рет өтіп отыр. Жыл сайын Зияткерлік мектепте ұйымдастырылатын фестивальге бүкіл Ақтөбе облысынан жүзден астам жоба қатысады.
Айта кетейік, Шалқар қаласындағы №3 тірек мектепке Назарбаев Зияткерлік мектептері биылғы жылдың кыркүйегінен бастап әдістемелік көмек көрсетіп келеді.