NIS біздің өмірімізді түбегейлі өзгертті

Шымкенттегі физика-математика бағытындағы NIS-те өткен «SAMGAU» форумында мектептің тарихына шолу жасалды. Келесі жылы білім ордасы 10 жылдығын атап өтеді. Бүгінде Зияткерлік мектеп түлектері үздік жоғары оқу орындарында білім алып, еліміздің және әлемнің беделді компанияларында қызмет етуде.

Мектеп қабырғасында астрофизикадан ғылыми жұмыстармен айналысқан алғашқы түлектердің бірі Жандос Булегенов өзінің жетістік тарихымен бөлісті:

– Алғаш оқуға түскенімді есіме алсам, оқушылар мен мұғалімдер арасындағы қарым-қатынастың өзгешелігіне таңқалғаным ойыма оралады. Еркін әрі шығармашыл ойлауды ұстаздарымнан үйрендім. Мен үшін бұл өте қымбат қасиеттер. «Өз қажетіңді өзің ізде» деген құндылығымыз талай жетістіктеріміздің кепілі болуда.

Жандос әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген, онлайн инвестиция және сауда нарығында беделді халықаралық бренд ретінде танылған Forex Club компаниялар тобында қаржы жөніндегі аналитик болып жұмыс істейді.

Назарбаев Университетіндегі медицина факультетінің студенті Нұрлыбек Тоқтаров та араға бес жыл салып сүйікті мектебімен қауышты. New York University Abu Dhabi-ді аяқтаған (NYUAD) Нұрлыбек бүгінде танымал Meta компаниясында Instagram creator болып қызмет атқарады:

– «Lifelong learning» деген ұғымдағы өмір бойы іздену қасиеті бойыма мектебімнен дарыды. Әлемдік деңгейдегі білім сапасы мен сайыстарды осы зияткерлер ортасында жүріп білдім. Оған дейін ауылдың қарапайым баласы едім, NIS – өмірімді түбегейлі өзгерткен орын.