Баспасөз-қызметі
NIS ауылдағы негізгі мектептердің әлеуетін арттыру бойынша педагогтерге семинар өткізді
Атырау мен Ақтөбе қалаларындағы NIS-те «Ауылдық елді мекендердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының тірек мектептерінің мұғалімдеріне арналған өңірлік семинарлар өтті.
NIS Білім беру бағдарламалары орталығының бастауыш мектеп оқушыларының функционалды сауаттылығын қалыптастыру, оқушылардың цифрлық сауаттылығы мен зерттеу дағдыларын қалыптастыру, CLIL аспектілері пен коммуникативті дағдыларды дамыту бағытындағы шеберлік сабақтары мен тренингтерінде 450-ден астам педагог өздерін қызықтырған барлық сауалға нақты әрі толық жауап алды.
Екі күндік семинарға Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданындағы Мұхамед-Салық Бабажанов атындағы мектептен келген Нұргүл Елеусінова өз әсерімен бөлісті:
– Ауылдық елді мекендердегі мектептердің әлеуетін дамытуды мақсат еткен семинардың басты миссиясы орындалды деп ойлаймын. Біз химия пәнінен оқушылардың PISA халықаралық зерттеулері бойынша ғылыми-жаратылыстану сауаттылығын дамытуға бағытталған зертханалық жұмыстар орындап, құзіреттілік дағдыларын дамытуға арналған тапсырмаларды талдадық. Шалғайдан ат терлетіп барған еңбегіміз ақталып, қоржынымыз жаңа тың ақпараттармен толықты.
Семинар қатысушыларына эксперименттік және практикалық бөлімдер ерекше серпін берді. Айта кетсек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 2020 жылдан бастап ауылдық жерлерде білім беру сапасын жақсартуға негізделген «Ауыл мектебі» білім беру жобасын жүзеге асыруда. Бағдарлама аясында 2022 жылы 17 мектеппен жұмыс жасалса, биыл оған 63 мектеп қосылды.
Бұл қайырымдылық жоба бүкіл мектеп қауымдастығында жүйелі өзгерістерді енгізуге арналған ашық диалог алаңына айналып, орта білім беру жүйесінің дамуына оң әсер етуді қамтамасыз етуге және елдің білім рейтингіндегі ауылдық мектептер позициясын жоғары деңгейге шығаруға бағыттылған.