Баспасөз-қызметі
NIS 63 ауыл мектебі оқушыларының оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізді
NIS Педагогикалық өлшеулер орталығы «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы аясында 63 тірек мектептің 4 және 8-сынып оқушыларының оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізді. Оған 9000-ға жуық білім алушы қатысты.
Мониторинг 4-сынып оқушылары арасында математика, қазақ тілі, орыс тілі, жаратылыстану және дүниетану пәндері бойынша, ал 8-сынып оқушылары арасында қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, химия, биология, физика пәндерінен жүргізілді.
Басты мақсат – ауыл мектептері оқушыларының актуалды білім деңгейін анықтау және олардың жеке білім алу траекториясын, оқыту және оқу тәжірибесін жетілдіру.
Қазіргі уақытта әрбір мектепке жеке-жеке есеп әзірлеу үшін мониторинг нәтижелерін өңдеу жұмыстары басталып кетті. Есептер дайын болғаннан кейін тірек мектептерге жіберіледі және бұл есептерді оқу үдерісін жақсарту мақсатында қолдану бойынша педагогтерге арналған вебинарлар өткізіледі.
Еске салсақ, ауыл мектептерінің білім сапасын арттыруға бағытталған жобаны «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Қазақстан халқына» қоры және Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры бірлесіп іске асырып келеді.