Баспасөз-қызметі
Жылдың үздік педагог-психологтері анықталды
Бүгін Алматыда «Үздік жыл психологі» республикалық конкурсының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.
Беделді байқауда Түркістандағы Зияткерлік мектептің педагог-психологі Жанна Арынбаева I орынға, Атыраудағы NIS-тің педагог-психологі Радмира Мұханова II орынға ие болды.
Жанна Арынбаеваның байқауға ұсынған авторлық жобасы оқушыларды емтихан алды психологиялық қолдауға бағытталған. Педагог-психолог білім алушылар арасында бұл мәселенің жиі кездесетінін және осы сәтте балаларға ерекше қолдау қажет екенін атап өтті:
– Оқушыларға емтихан алдында қорқыныш, сенімсіздік, мазасыздық эмоцияларын сезінудің қалыпты жағдай екенін және оларды басқаруға болатынын түсіндіру өте маңызды. Авторлық бағдарламада арт-терапия арқылы денені босату, қысымды азайту, уайымды жеңіп, эмоционалдық жайды тұрақтандырудың жаңа әдістері қолданылады, сондай-ақ бұл мамандардың жұмысын қызықты әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.
Ал атыраулық педагог-психолог Радмира Мұханова кәмелетке толмаған балалар арасында буллингтің алдын-алатын «SpeakUp» бағдарламасын таныстырды. Жоба аясында жасөспірімдермен профилактикалық сабақтар, «оқушы – ата-ана –мұғалім» үштігімен әдеби кездесулер, баспасөз қызметінің қолдауымен бейнероликтер тарату жұмыстары жүргізіледі. Бұл кешенді іс-шаралар оқушылар арасында буллинг құбылысы, оның салдары мен әрекет ету әдістері туралы дұрыс түсінікті қалыптастыруға, тұлғааралық тұрақты оң қарым-қатынас пен эмпатияны орнатуға ықпал етеді.
Айта кетейік, республикалық конкурсқа 70-ке жуық педагог-психологтің авторлық жобалары ұсынылды.