Баспасөз-қызметі
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жеті оқушысы Жәутіков олимпиадасында үздік нәтиже көрсетті
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жеті оқушысы Жәутіков олимпиадасында үздік нәтиже көрсетті
Халықаралық Жәутіков олимпиадасында үздік нәтиже көрсеткен жас математиктер, информатиктер мен физиктердің есімдері анықталды. Жүйелі академиялық білімі және шығармашылық ойлауымен ерекшеленетін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары дәстүр бойынша жеңіс тұғырынан көрінді.
Семей қаласындағы NIS оқушысы Мұхаммедариф Сахмолдин информатика пәнінен, Алматыдағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептен Ерсұлтан Пітебай физика пәнінен білім бәйгесінің екі дүркін чемпиондары атанса, өткен жылы физикадан күміс еншілеген Ақтөбедегі NIS оқушысы Алишер Еркебаев биыл алтын медаль жеңіп алды.
NIS-тің жеңіс қоржыны Алматыдағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушылары Альдинаш Сейтенов пен Арсен Нарықтың математика пәнінен иеленген күмісі және Ақерке Нұрахметованың қоласымен толықты.
Талдықорғандық зияткер Нұрсұлтан Ерланұлы информатикадан күміс жүлдегер атанды.
2002 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Халықаралық Жәутіков олимпиадасы бүгінде әлемдік ауқымдағы ең беделді олимпиадалардың қатарына кіреді.