Баспасөз-қызметі
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары жазушы Зира Наурызбаймен жүздесті
Бүгін «Даналық бейсенбі» жобасы аясында елордадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақ мифологиясын зерттеуші, мәдениеттанушы, жазушы, сценарист, философия ғылымының кандидаты Зира Наурызбаймен кездесу өтті. Сондай-ақ шараға өңірлердегі NIS-тің 100-ден аса оқушысы қашықтан қатысты.
Танымал тұлғаның өмірі мен шығармашылығы, қазақ мифологиясы мен эпосының түпкі идеялары, мәдени және рухани мұралардың мән-мағынасын ашқан тағылымды кездесу оқушыларға ғылымның жаңа бағытын меңгеруге шабыт берді. Сондай-ақ Зира Жетібайқызы қазақ халқының нағыз болмысын эпостар мен әдеби шығармалар арқылы зерттеп-білудің маңызына тоқталды.
– Өзінің төл мәдениетін терең білген әрбір адам, өз халқының болмысын құрметтеу мен құндылықтарды бағалауды үйренеді. Оны мақтан етіп, дәріптеуге атсалысады, – дейді жазушы.
Сонымен бірге Зира Наурызбайдың Лиля Калауспен бірге жазған «Бату мен достарының бастан кешкен оқиғалары» атты кітап топтамасының шығу тарихы да оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Балалар шытырман оқиғаға толы бестселлерге оң баға беріп, туындыдағы кейіпкерлерге қатысты сауалдарына жауап алды. Мейманның жас фанаты, NIS оқушысы Санжар Жамбек жеке кітапханасындағы «Бату мен достарының бастан кешкен оқиғалары» кітабын арнайы алып келіп, естелікке автордың қолтаңбасын қойдырды.
Айта кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Даналық бейсенбі» жобасы түрлі саладағы өз ісінің шеберлерін, айтулы азаматтарын, кәсіби майталмандарын оқушылармен жүздестіріп, қызықтырған сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік береді, оларға серпін сыйлап, көкжиегін кеңейтуді көздейді. Бүгінде ғылым, білім, денсаулық, саясат, экономика, кәсіпкерлік, спорт салаларының өкілдерімен кездесу өткізу NIS-тің игі дәстүріне айналды.