Баспасөз-қызметі
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің даму стратегиясы талқыланды
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Назарбаев Зияткерлік мектептері Қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті.
Жиында дербес білім беру ұйымының алдағы 10 жылдағы даму стратегиясы талқыланды. NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин ұйым қызметінде тәжірибені тарату ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сондықтан облыс орталықтарында мұғалімдерді қайта даярлау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу және оқушылардың үлгерімін бағалаудың ішкі жүйесін енгізу үшін 200-ге жуық тірек мектепке әдістемелік көмек көрсету жоспарлануда.
Айта кетейік, ұйым бұған дейін Атыраудағы 85 мектепке әдістемелік қолдау көрсетіп, педагогтерді қайта оқытқан. Соның арқасында өңірдегі оқушылардың оқу үлгерімі PISA халықаралық зерттеулері нәтижесі бойынша 23 ұпайға өскен.
2035 жылға дейінгі даму стратегиясы негізгі 3 бағытты қамтиды.
«Біріншісі – үздік білім беру технологияларын әзірлеу мен бейімдеудің ең жарқын үлгісі ретінде Зияткерлік мектептердің әлеуетін одан әрі дамыту. Екінші бағыт елдегі зияткерлік капиталды дамыту үшін жалпы білім беретін мектептер арасында алынған тәжірибелерді таратып, масштабтауды көздейді. Үшіншіден, қазақстандық білім беру брендінің шетелдерде кеңінен танылуына күш салу», – деді Ә.Жанғозин.
Алыс және жақын шет елдерде Қазақстанның білім брендін қалыптастыру да маңызды. Қазірдің өзінде Орталық Азия аймағының барлық елдерінен, Ресей Федерациясынан, Әзірбайжан мен Африка елдерінен NIS-ке келіп білім алатын педагогтер көп. Бұл отандық білім беру өнімдерін экспорттауға жағдай жасайды.
Жиында Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі мен құндылықтары халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік беретінін айтты.
Сонымен бірге Зияткерлік мектептердің оқу бағдарламасын 60 беделді шетелдік университет мойындайтынын және 550 түлек әлемнің үздік 100 университетіне оқуға түскенін атап өтті.
Басқосу барысында Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Қамқоршылық кеңес мүшелеріне ұсынылған даму стратегиясы елдегі орта білім саласының дамуына да қатысты екенін айтты.
"Бұл даму стратегиясы Назарбаев Зияткерлік мектептеріне ғана емес, жалпы білім беру саласына да қатысты. Себебі дербес ұйым білім беру сапасын арттыру жөніндегі ұлттық баяндама жобасын іске асыруға белсенді қатысатын болады. 15 жыл ішінде ұйым ең жақсы тәжірибелерді құра алды. Енді тәжірибені басқа оқу орындарына тарату маңызды", - деді Тамара Дүйсенова.
Ұсынылған даму стратегиясын кеңес мүшелері бірауыздан қолдады. Ұйымның қаржылық тұрақтылығына, қолда бар ресурстарды пайдалануға, педагогтердің кадрлық резервін дайындауға қатысты ұсыныстар айтылды.