Баспасөз-қызметі
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Тәуелсіздік күніне орай тағылымды кездесулер, тәрбие сағаттары мен танымдық сабақтары өтті
Петропавл қаласындағы NIS оқушылары маңызды тарихи күнге арналған Шаңырақ сағаттарына қатысты. Дәстүрлі шара қызықты викториналар, сұрақ-жауап, әңгімелеу және патриоттық бейнероликтердің көрсетілімдеріне толы болды. Балалар көптен күткен еркіндікке қол жеткізуге түрткі болған маңызды оқиғалар мен тәуелсіздікті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан жарқын қаһарман тұлғалар туралы танып-білді.
– Біздің Шаңырақ 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары және еліміздің батыр ұл-қыздары жайлы біраз ақпарат алды. Менің ойымша, өскелең ұрпақ тәуелсіздігіміз үшін күрескен жандарға құрмет көрсетуі керек. Ең бастысы, біз ел игілігі үшін жақсы оқып, еңбек етіп, өз Отанымызды дамытуымыз керек, – дейді петропавлдық зияткер Дильназ Алтай.
Ал Ақтаудағы NIS-те Тәуелсіздік күніне орай облыстық «Үздік командир – 2023» патриоттық байқауы өтті. Оған Ақтау мен Жаңаөзен қалалары, Мұнайлы, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия аудандарындағы мектептер мен колледж студенттері қатысып, 5 кезең бойынша бақ сынады.
Сондай-ақ «Даналық бейсенбі» жобасы аясында Ақтаудағы Зияткерлік мектепке Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының актері, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Дайыров келді.
Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты туындысы бойынша түсірілген «Бауыржан Момышұлы» көркем фильмінде басты рөлді сомдаған актер түсірілім барысындағы қызықты оқиғаларды да баяндап берді.
Советтік Қазақстанды басқарған аса көрнекті мемлекет жəне саяси қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың еңбек жолын насихаттау мақсатында көшпелі мұражай көрмесі мен «Патриоттық аквагрим» акциясын Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйымдастырды.
Қызылордадағы NIS-те Тәуелсіздік күніне орай онкүндік өтті. Шаңырақ сағаттары мен таңғы жиындарға қатысқан оқушылар азаттықтың тарих қойнауына сапар шекті. Ал домбыра сабақтарында ел еркіндігін, батырлардың ерлігін, халық бірлігін сипаттайтын атақты «Жұмыр, Қылыш», «Алаш аманаты», «Адай» күйлерінің тарту техникасын үйреніп, ұлттық мәдениетті жаңғыртты.
Сонымен қатар мектептің бір топ оқушылары Әбілда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебеп ғылыми кітапханасында болып, «Желтоқсан желі ызғарлы» атты тарихи танымдық кездесуге қатысты. Жас өрендер тарих беттерінде өзінің ақтаңдақ таңбасын қалдырған Желтоқсан оқиғасын, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтың ерлігін қойылым арқылы жеткізді және тәуелсіздік туралы өлеңдерін паш етті.
«Біз патриотпыз ба?» – бұл сауалға TEDx форматында өткен жиында Оралдағы NIS оқушылары жауап берді. Мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдістемелік бірлестігі ұйымдастырған шара жас ұрпақты ұлтжандылыққа үндеп, оларға егемендік ұғымын терең ұқтыруды көздеді.
Сондай-ақ «Даналық бейсенбі» жобасы аясында оралдық зияткерлер Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті білім және менеджмент институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетовпен кездесті. Ғұмырын тарих ғылымына арнаған Әсет Сембайұлы өткеннің өнегесінен сыр шертті. Ел егемендігі тақырыбының маңызына тоқталып, тәуелсіздік жылдарында жеткен ғылым мен білім жетістіктерін сөз етті. Жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалар, жас ұрпақ бойына елжандылық дағдыларын дарыту туралы әңгіме өрбітті.
Көкшетаудағы Зияткерлік мектепте «Желтоқсан» қозғалысының қатысушыларымен кездесу өтті. Желтоқсаншылар Ертай Жұмажанов, Алтынбек Жарылғасов, Сағат Нұрғалиев пен Ләззат Канаева оқушылармен мазмұнды сұхбат құрып, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ірі оқиғалардың бірінің тарихын тереңнен тарқатты. Қозғалыс қатысушылары сол жылы жастардың наразылығы мен келіспеушілігін, уәжі мен ашуын тілге тиек етті.
Түркістандағы NIS-те тәуелсіздік құрдастарының жетістіктерін насихаттау, мектеп оқушыларының бойына мақсатшылдық, еңбекқорлық, отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін дарыту мақсатында түркістандық жас кәсіпкер, travel-блогер Дастан Мамишов, Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Өнер» факультетінің үздік студенті, «дәстүрлі ән» бойынша республикалық ән байқаулардың жүлдегері, ХҚТУ мәдениет сарайына қарасты «Атамекен» этно-фольклорлық ұлт аспаптар оркестрінің солисті Ақнұр Абдраман, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, бүгінде мектептің химия пәні мұғалімі Нұрболат Тоқтамыс қонақта болды.
«Замандастар жырлары» жобасы аясында Тараздағы NIS оқушылары өңірге танымал ақын, психолог Марал Хантөреқызымен жүздесті.
Ал қарағандылық зияткерлер «Жас тарихшы» интеллектуалды ойынына қатысып, ел тарихын қаншалықты жақсы білетінін көрсетті. Ойын барысында қатысушыларға Қазақстан тарихының түрлі кезеңдері мен оқиғаларын қамтитын сұрақтар ұсынылды. Мұндай кең тақырып зияткерлерге өз білім деңгейін тексеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, тарихты зерттеуге деген қызығушылығын оятты.