Баспасөз-қызметі
Назарбаев Зияткерлік мектептері тұңғыш рет мектеп басшыларына интенсив өткізді
Бүгін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы аясында кәсіби шыңдалып, біліктілігін арттырған педагогтерге арналған интенсив өтті. Ауқымды шара елімізде алғаш рет өтіп отыр.
Интенсивтің ашылуында Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев сөз сөйлеп, шетелдік тәжірибелерді еліміздің білім беру мазмұнына лайықтау қажеттігін айтты. Аталмыш бағдарламадан өткендерге сәттілік тілеп, орта білімді көтеруге шақырды.
Отандық білім берудің топ-менеджерлеріне арналған жиын заманауи әдіс-тәсілдерді талдау мен креативті форматтарды қамтыды. Қатысушылар оқу-ағарту саласында табысқа жетуді үйрететін кейс-сессиялар мен практикумдарға қатысты. Мұнан бөлек Talent-Management бойынша мектеп ұжымын көтермелеудің тәсілдері мен цифрлық менеджментті күшейтудің нақты шараларын талдады.
– Бүгінгі «Білім берудегі көшбасшы бағдары» Халықаралық интенсив Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынған білім беру саласына өзгеріс әкелетін көшбасшыларды іріктеу мен даярлау аясында өтіп отыр. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ осы маңызды бағдарлама бойынша 8000-нан аса өтінішті қарап, терең зерделеді. Іріктеу бес кезең бойынша өтті. Барлық кезеңді артта қалдырған мектеп басшыларымен байланысты күшейтіп, жұмысты әрі қарай жалғастыратын боламыз, – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Білім берудегі табысты кейстер де ұсынылды. Пленарлық отырыста Астана қаласындағы №54 мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы Қайрат Мұқашев президенттік кадрлық резерв бағдарламасы туралы өз ойын айтып, тәжірибесімен бөлісті. Сонымен бірге британдық білім беруді зерттеу қауымдастығы кеңесінің мүшесі Сара Селезнев, Эстония мұғалімдері одағының төрағасы Мэдис Сомэлар, Сингапурдағы Арбингер институтының қауымдастырылған кеңесшісі Сарас Менон, Баку еуропалық лицейінің директоры Зульфия Вейсова да баяндама жасады.
Интенсив аясында ұйымдастырылған «Кім қателеспейді, сол дамымайды» панельдік сессиясында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жүйесімен танысуға келген Қырғызстандағы «Сапат», «Креатив – Таалим», «Global school» мектептері, Салимбеков Университеті, «Айчүрек» әйелдер лицейінің өкілдері де болды. Шетелдік қонақтар жеке табыстары туралы баяндады.