Баспасөз-қызметі
Ақназар Қажымұрат атындағы зияткерлік турнир олимпиада мәртебесін алды
Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Ақназар Қажымұрат атындағы III қалалық олимпиада өтті. Биыл білім бәйгесінің бірінші онлайн-кезеңіне 1000-нан астам үміткер қатысса, олардың ішінен 238 үздік оқушы финалдық кезеңге өтті.
Қатысушылар математика, физика, химия және информатика пәндері бойынша өз білімдері мен қабілеттерін сынға салды. Бүгінде олимпиада тек зияткерлік сайыс қана емес, жастарды білімге ұмтылуға және үлкен жетістіктерге қол жеткізуге жігерлендірген тұлға – Ақназар Қажымұраттың есімін ұлықтайтын ерекше алаңға айналды.
Қалалық шара биыл «Алматы Дарыны» орталығымен бірлесе ұйымдастырылып, ресми түрде олимпиада мәртебесін алды.
Ақназар Зияткерлік мектептердегі олимпиадалық қозғалыстың жарқын өкілі болды, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысты. Ол физика және математика пәндерінен республикалық және халықаралық беделді олимпиадалардан 18 медаль иеленген үздік оқушы еді. 2018 жылы Ақназар ACT және SAT Subject Tests халықаралық емтихандарынан максималды балл жинап, бірегей рекорд орнатты. Бұл нәтиже оған әлемнің жетекші оқу орындарының бірі — Гарвард университетіне оқуға түсуге мүмкіндік берді.
Мектеп ұжымы барлық қатысушыларға, олардың ұстаздары мен ата-аналарына белсенділігі, қажырлы еңбегі және көрсеткен қолдауы үшін шынайы ризашылығын білдіреді. Ақназар Қажымұрат атындағы III қалалық олимпиада жоғары деңгейдегі білімнің маңыздылығын және білімге деген ұмтылыстың биік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.