Баспасөз-қызметі
Наурыз кездесулері – үлкен ғылымға алғашқы қадам
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев NIS-тің Наурыз кездесулерін үлкен ғылымға жасалған алғашқы қадам деп атады.
– Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинованың бастамасымен жүзеге асқан Наурыз кездесулерінің тарихи маңызы зор, себебі елімізде жас ғалымдардың бірегей алаңы пайда болды. Бірнеше жылдан кейін біз әлемдік ашылулардың авторлары мен Нобель сыйлығы лауреаттарының арасынан бүгінгі қатысушылардың есімдерін еститінімізге сенімдімін, – деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
«Биомедицина, инженерия және технологиялар» атты ХІІ Наурыз кездесулері NIS-тің жүзден астам жас ғалымы мен еліміздің барлық аймақтарындағы ауыл мектептерінің 50-ден астам оқушысын жинады.
Белгілі мемлекет қайраткері, «Қазақстанның құрметті мұғалімі» төсбелгісінің иегері Күләш Шәмшидинова Наурыз мерекесіндегі кездесулердің басты міндеті – мектеп оқушыларының ғылымға деген қызығушылығын оятып, оларды негізгі әлемдік трендтермен таныстыру екенін айтты.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Ануар Жанғозин Кездесулердің басты тақырыбына айналған биомедицина мен денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект пен машиналық ойлауды енгізудің өзектілігін және жас өнертапқыштардың жаһандық ғылымның сұранысқа ие бағыттары бойынша жұмыс істеуге деген ұмтылысын ерекше атап өтті.
– Осы қайталанбас шараның бүгінгі қатысушылары болашақта біздің университеттің студенті атанып, тек қазақстандық ғана емес, әлемдік ғылымды да насихаттайтынына үміттенеміз, – деді Назарбаев Университетінің медицина жөніндегі вице-президенті, Медицина мектебінің деканы Массимо Пиньятелли.
Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте 2023 жылғы «Биомедицина, инженерия және технологиялар» атты XII Наурыз кездесулері салтанатты түрде ашылды.