Баспасөз-қызметі
Ауылдың жас ұстаздары Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен бейресми форматта кездесті
Бүгін NIS Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен өткен ІІ республикалық «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» форумында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозиннің қатысуымен ауыл мұғалімдерімен бейресми кездесу өтті. Галстуксыз жиында ауылдық мектептердің жас педагогтері білім саласында өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, пікір алмасты. Басқосу барысында министр мұғалімдік мәртебелі мамандық екенін атап өтіп, қазақтың мақал-мәтелдерін мысалға келтірді. – Қазақ даналығында «Ұстазы жақсының - ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Барлықтарыңызға білім жолын таңдап, осы салада аянбай еңбек етіп жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Мен алдарыңызда тұрған жауапты міндеттерді абыроймен атқарып, отандық білім саласына елеулі үлес қосатындықтарыңызға сенімдімін», – деді министр. Ал NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин форумның 2 негізгі мақсатына тоқталды. Осымен екінші мәрте өтіп отырған биылғы форумның артықшылығы мен ауыл мұғалімдеріне үздіксіз қолдау білдіретінін атап өтті. – Біріншіден, мұғалімдерге кәсіби жағынан қажетті ақпаратты ұсыну форумның басты мақсаты. Бұған қатысты тиімді жоспарлау, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, эмоционалды интеллектті дамыту сияқты тақырыптар бойынша кәсіби алаңдар көзделген. Ал екінші мақсатымыз – әр түрлі саланың майталмандарымен осы сынды кездесулерді ұйымдастыру арқылы жас ұстаздардың мотивациясын арттыру. «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деген жақсы сөз бар. Сондықтан біздің жас әріптестеріміздің ынтасы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым тиімді нәтижелерге жете алатынына сенемін», – деді ол. Айта кетейік, кездесу аясында министр ауылдық мектеп мұғалімдерінің «Болашақ» бағдарламасы аясында шет елдерге 3 және 6 ай мерзімге тағылымдамадан өтуге жіберілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ шалғайдағы ауылдарда қызмет атқаратын педагогтерге әлемдік платформаларда жұмыс істеуге жағдай жасалады. Биылдан бастап ауыл мектептері мен шағын жинақты білім ұяларын қолдау бағытында пилоттық жоба да іске қосылатынын айтты. Республикалық форум ертең де жалғасын табады. Жас ұстаздар шеберлік сағаттарына қатысып, жетістікке жеткен қазақстандықтармен кездеседі.