Баспасөз-қызметі
Оқу-ағарту министрі NIS-те білім алып жатқан көшбасшылармен кездесті
Бүгін Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы аясында кәсіби шыңдалып, біліктілігін арттырып жатқан педагогтермен кездесті.
Биылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынған білім беру саласына өзгеріс әкелетін көшбасшыларды іріктеу кезеңі аяқталып, «базалық» деңгейден сәтті өткен 258 мұғалім оқып жатыр. Бастапқыда жобаға қатысуға 8068 адам өтініш білдірген, олардың тек 2809-ы ғана тестілеуден сәтті өткен болатын. Министр жобаның екі деңгейін артта қалдырып, келесі кезеңге өту де жоғары кәсібилік екенін атап өтті.
– Білім беру саласына жаңа өзгерістер қажет. Сондықтан біздің бар үмітіміз «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы бойынша кәсіби шыңдалып жатқан ұстаздарда. Біз осы жоба аясында біліктілігін арттырған барлық мұғалімнің оқу-ағарту саласына үлкен леп әкелетініне сенеміз. Сондай-ақ осы алған білімдеріңізді басшылық қызметке барғанда да қолданасыздар деп ойлаймын. Біз отандық білім саласын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттер деңгейіне жеткізуіміз керек, - деді министр.
Сондай-ақ сала басшысы бағдарламаны толық аяқтап шыққан ұстаздардың кемінде мектеп директоры қызметіне орналасып, орта білімді дамытуға үлес қосуы үшін барлық жағдайды жасайтынын айтты. Тіпті алдағы уақытта мектеп басшыларының айлығы 400-500 мың теңгеге жуықтайтынын хабарлады.
Ал кездесу барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин бағдарлама бойынша алдағы екі аптада педагогтер өздері қызмет атқаратын мектептерде тәжірибеден өтіп, рефлексиялық есептер әзірлейтінін атап өтті. Келесі кезеңде үміткерлер сыртқы бағалаудан өтеді.
Айта кетейік, білім берудегі өзгерістер көшбасшыларын іріктеу бес кезең бойынша өтеді. Бірінші кезеңде үміткерлер құзыреттілікті бағалаудан өтсе, екінші кезеңде білімдерін шыңдау үшін оқуға жіберіледі. Одан кейін еліміздегі жетекші мектептерде тағылымдамадан өтеді. Жоба бойынша үміткерлер қорытынды бағалаудан өтіп, министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелеседі. Барлық кезеңдерден сәтті өткендер басшылардың республикалық кадрлық резервіне алынады.