Баспасөз-қызметі
Медицина ғылымдарының докторы Айгүл Садуақасова: Қазақстан тар бейінді медицина мамандарына мұқтаж
NIS Наурыз кездесулерінің екінші пленарлық отырысы әлемдік деңгейде сұранысқа ие машиналық оқыту, ядролық медицина және инъекциялық биоматериал әзірлеу тақырыптарын қамтыды.
Назарбаев Университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі профессоры Сиамак Фазли machine learning – машиналық оқыту арқылы дәрі-дәрмек алудың ерекшеліктерін баяндап, нәтижелерімен бөлісті:
– Бұл әдіс дәрі-нысан сәйкестігін болжап қана қоймай, қажетті қасиеттері бар жаңа молекулалар жиынын жасай алады. Сондықтан ML дәрі табудың бастапқы кезеңдерін өзгертуде. Сондай-ақ машиналық оқыту генерацияланған молекулалардың ауқымды кітапханасын жасақтаудамыз.
Буын шеміршегі ақауларын қалпына келтіруге арналған инъекциялық биоматериал әзірлеу мен клиникалық қолдану үрдісін, остеоартрозды тудыратын факторлар мен аурудың кезеңдері, сондай-ақ емдеу әдістерін Ұлттық биотехнология орталығының ғылым жөніндегі басқарушы директоры Вячеслав Огай жан-жақты таныстырды.
– Буын шеміршегі ақауларын қалпына келтіруге арналған жоба 5 жылға созылады. Осы аралықта бұл әдісті қазақстандық денсаулық сақтау саласына толықтай енгіземіз деп сенемін. Бүгінгі таңда отандық жобаға шетелдіктер тарапынан да қызығушылық артуда, бұл зерттеуіміздің маңызды екенінің тағы бір дәлелі, – деп Вячеслав Огай оқушыларды осы бағытта жұмыс істеуге шақырды.
Ядролық медицинаның бүгіні мен болашағы жайында сөз қозғаған ҚР Президентінің іс басқармасы медициналық орталығы ауруханысының диагностика орталығы меңгерушісі Айгүл Садуақасова Наурыз кездесулері қатысушыларының ғылымға үлкен нық қадам жасағанын, Зияткерлік мектептердің денсаулық сақтау саласын дамытуға елеулі үлес қосқанын ерекше атап өтті.
– Наурыз кездесулерінің спикері болуға ұсыныс алғанымда қатты қуандым. Білім мен ғылымға ұмтылған жастарға ядролық медицина туралы, оның елдегі қарқынды даму жолы мен тар бейінді мамандардың қажет екенін айтуға асықтым, – деп мойындады медицина ғылымдарының докторы Айгүл Садуақасова.