Баспасөз-қызметі
Әлемнің үздік 50 ұстазы қатарына енген NIS мұғалімі «Teachers’ Summit-те» сөз сөйледі
Елордада «Teachers’ Summit» – педагогтердің ашық ұлттық Саммитінде Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, физика пәнінің мұғалім-зерттеушісі Асхат Жұмабеков сөз сөйледі.
«Инклюзия» алаңында Асхат Жұмабеков есту қабілеті нашар немесе мүлде естімейтін балаларды қолдауға арналған бірегей жобаны таныстырды:
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы зерттеуіне сәйкес, әлемдегі балалардың 5 пайызында есту қабілеті бұзылған және оларға білім алу көп жағдайда қолжетімсіз. Бұл мәселені шешу мақсатында финдік әріптестермен бірлесіп, 2017 жылдан бастап жұмыстандық. Нәтижесінде Ресей Ғылым академиясында монографиямыз жарық көрді. Еңбекте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудың негізгі әдістері, олардың дамуы мен үлгерімін бақылауға арналған жұмыс тәжірибесі жинақталған. Қазір жобаға Зияткерлік мектептің оқушылары да ат салысып, теңдік пен инклюзия принциптерін ілгерілету арқылы техникалық мәселелерді шешудің жолдарын қарастыруда.
Асхат Советханұлының педагогикалық Саммитте негізгі спикерлердің қатарында болуы кездейсоқ емес. Еске салсақ, NIS мұғалімі – 2021 жылғы «Global Teacher Prize» жаһандық сыйлығының финалисі және әлемнің үздік 50 ұстазы тізіміне енген алғашқы қазақстандық.
Сондай-ақ ұлттық Саммитте «Global Teacher Prize» премиясының 2021 жылғы жеңімпазы, U.S. Elite International Track and Field компаниясының тең құрылтайшысы және вице-президенті Кейшиа Торп, Innovative Researcher of the Year премиясының иегері Ранжит Дисале, Израильдегі Вейцман институтының жаратылыстану ғылымдарын оқыту департментінің басшысы Абраам Аркави және өзге де білім беру саласының танымал өкілдері баяндамаларын ұсынды.
Педагогикалық жиынға Назарбаев Зияткерлік мектептерінің топ-менеджерлері мен «Үздік жыл мұғалімі» байқауының биылғы амбассадорлары да қатысты.
Айта кетсек, мұғалімдер саммитінің мақсаты – Қазақстан мен Орталық Азия мұғалімдері үшін жыл сайынғы халықаралық іс-шараға айнала отырып, бүкіл әлем сарапшыларының үздік педагогикалық тәжірибесін үйренуге бірегей мүмкіндік беру. Саммитті BINOM SCHOOL қолдауымен Нобель фестивалі ұйымдастырды.