Баспасөз-қызметі
Көшбасшылар форумы: шабыт, тың идеялар, жаңа бастамалар
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымы көшбасшыларының дәстүрлі форумы өтті. Биыл бұл маңызды шара Қызылорда қаласындағы NIS-те ұйымдастырылды.
Форумға өңірдегі танымал тұлғалар қатысып, оқушыларға шабыт сыйлады. «Qyzylorda» телеарнасының директоры Нұрбек Амиша өз өмір жолын мысалға ала отырып, өзін-өзі дамыту арқылы жетістікке жетуге болатынын көрсетті. Ол ересек жасында ағылшын тілін меңгеріп, Ұлыбританияда магистр дәрежесін алғанын айтып, қатысушыларды жігерлендірді. Ал Kyzylorda Hub технопаркінің басшысы Жанарыс Түбекбаев қазіргі заманғы көшбасшыға тән негізгі қасиеттерді атап өтті: шабыт бере білу, командада үйлесімді жұмыс істей алу және стандарттан тыс шешімдер қабылдау шеберлігі. Сондай-ақ жасанды интеллект (ЖИ) саласының сарапшысы Нұрлан Құлмырзаев оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесіне ЖИ технологияларын енгізу туралы идеяларды ұсынды. Спикердің бұл бастамасы форум қатысушыларының ерекше қызығушылығын оятты.
– Бұл форум барлығымыз үшін нәтижелі әрі сапалы білімге бай шара болатынына сенімдімін. Нағыз көшбасшыға сай қасиеттерін дамытып қана қоймай, мектеп жүйесіне өзгерістер енгізу арқылы басқа оқушыларды қарқынды түрде тартуға негіз болары анық, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ өкілі Әсел Бабажан.
Шара барысында жас көшбасшылар төл жобаларын таныстырып, оқушыларды ынталандыру, волонтерлік қызмет, әлеуметтік жауапкершілік және мектепте жайлы орта қалыптастыру бойынша пікірлері мен идеяларын ортаға салды.
Ал тренингтерде қатысушылар көшбасшылықтың негізгі қағидаларын, шабыт көздерін қайдан және қалай табуға болатынын, сондай-ақ мектеп жобаларын әлеуметтік желілерде тиімді жүзеге асыру тәсілдерін меңгерді. Бұдан бөлек оқушылар үшін түрлі жағдайлық кейстерді талқылау алаңы ұйымдастырылып, күрделі мәселелердің тиімді шешімдері қарастырылды.
Көшбасшылар форумы мектептегі өзін-өзі басқару жүйесінде жаңа жетістіктер мен табыстарға жету үшін ынтымақтастық, қолдау және тәжірибе алмасудың аса маңызды екенін көрсетті.