NIS командасы Қытайдағы робототехника чемпионатында арнайы номинацияға ие болды

17-21 шілде аралығында Гуанчжоуда China FTC Guangzhou Offseason Event байқауы өтті. Конкурсқа Қазақстан атынан қатысқан 2 команданың бірі Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары болды. Олар «Motivate awards winners» номинациясының иегері атанды.

Чемпионатта барлығы 7 негізгі жүлде ұсынылды. NIS оқушылары «Motivate awards winners» номинациясында үздік деп танылды. Бұл номинация STEM-ге қызықтыру, робототехниканы басқа мектептер мен қауымдастықтарда насихаттағаны үшін берілді.

– Біз бұл марапатты көптеген командаларға менторлық етіп, өз веб-сайтымызды жүргізіп, жергілікті газетке шығып және балаларды робототехникамен айналысуға шабыттандырғанымыз үшін алдық. Сонымен қатар біздің робот ойындарымыз да үздік болды, – деп атап өтті оқушылар.

Команда құрамында 10 және 12-сынып оқушылары: Асылбек Қаныбекұлы, Қанат Парпиев, Нұрқасым Хафиз, Арсен Омаров, Арлан Қосан, Аянат Тұматова, Айсұлу Қыдыралықызы, Әли Елтай, Мирас Бекетбай және Олжас Аманкелдин болды. Команда жетекшілері: Ясинжан Шақан, Айбек Қалабай.

Айта кетейік, команданың бұл жеңісі оқушыларға әлемдік университеттерге грантқа түсуге мүмкіндік береді.