Баспасөз-қызметі
Көкшетаулық ағайынды зияткерлер Пенсильвания университетінен шақырту алды
Көкшетау қаласындағы NIS оқушылары Асанәлі Кәрім мен Диасәлі Кәрім Пенсильвания университетіне оқуға түсті. Ағайынды зияткерлер Америка Құрама Штаттарындағы The Ivy League қауымдастығына енген әлемнің үздік жоғары оқу орнынан ресми шақырту хатын алды.
Асанәлі мен Диасәліге дүниежүзіне танымал Wharton бизнес-мектебінде және Penn Engineering инженерлік мектебінде оқудың бірегей мүмкіндігі ұсынылды.
Айта кетейік, оқушылар жақында ғана «Rise Global for the World» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ олар – «Turaqty Jol» республикалық экологиялық жобалар байқауы мен «Eco-Hackathon» республикалық бизнес-идеялар конкурсының бірінші орын иегерлері.
The Ivy League – АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы жеті штатта орналасқан сегіз жеке американдық университеттен құралған қауымдастық. Оқу орындары жоғары сапалы білім берумен ерекшеленеді. Times Higher Education World University Rankings және QS World University Rankings деректеріне сәйкес Лига университеттері дәстүрлі түрде планетаның үздік жиырма оқу орнының қатарына кіреді.