Баспасөз-қызметі
Индира Исмаилова: Мектебіміздің тарихы 10 жылдықтан асып, ғасырға ұласатынына сенімдіміз
Шымкенттегі физика-математика бағытындағы NIS-ке 10 жыл.
2013 жылдың 13 ақпанында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Куляш Шәмшидиновадан мектептің алғашқы директоры Қарагөз Абдрахманова білім кілтін қабыл алғалы, кемел келешекке батыл қадам басқан орда бүгінде заман ағымына сай академиялық кәсіби, шығармашыл ұжым қалыптастырып, әлемдік стандарттарға сай CIS халықаралық аккредитациясынан өтіп, жаңа серпінге ие болды.
– 10 жылдық тарих аяққа тұрудың алғашқы қадамдары мықты болуына, саласының ғылыми ағартушылық сұранысын қамтамасыз етіп келе жатқан орданың жетістігіне Қарагөз Абдрахманованың үлесі зор екенін атап өту керек. Ата-ана, ұстаз, мектеп деп аталын үштік балаларымыздың болашағы үшін бірлесе қызмет етсе – еліміздің болашағы жарқын болатынына үміттенемін, – деді NIS директоры Индира Исмаилова құттықтау сөзінде:
– Мектебіміздің тарихы 10 жылдықтан асып, ғасырға ұласатынына сенімдіміз.
Білім шаңырағының айтулы сәттері таспаланған алтын қордан алынған суреттер тарих толқынындағы күндерді тамаша бейнеледі. Оған дәлел 8 жылдық мерзімде атқарған қызметі қайталанбас ерлік саналатын мектептің алғашқы директоры Қарагөз Абдрахманованың сәулелі сәттерді еске ала айтқан құттықтауы болды.
Түркістан мен Шымкенттегі екінші Зияткерлік мектеп басшылары Балкан Касимов пен Қайырбек Буксукбаев да қарашаңырақтың ғұмырлы болуына тілектес екендерін білдірді және айтулы сәттің маңызын арттырып, мектеп қабырғасына қазақтың қара домбырасы мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлы мен классик жазушы Александр Пушкиннің портретін сыйға тартты.
Мерекелік жиынның тағы бір айтулы тұсы мектеп түлектері сахна төрінен көрінгенде басталды. Тұлғалық қалыптасу жолында NIS-тің берген білімі мен тәрбиесінің арқасында жетістікке толы жас ғұмырын мысал етіп сөз алған алғашқы түлектердің бірі Жандос Булегенов жүректен шыққан ізгі тілегін естелікке толтырды.
– Алғашқы түлек болу біз үшін үлкен жауапкершілік болды. Соңғы қоңырау кешінен соң бізге артылған міндет, өзімізден кейінгі оқушыларға үлгі болу миссиясы бүгінде бізді талай шыңның биігінен көрсетті. Бүгін іні-сіңлілеріміздің жеңісін көріп, бұл міндетті атқардық деп білеміз, – деді Жандос Булегенов.
«Зияткерлер мекеніне – 10 жыл!» атты салтанатты іс-шара білім ошағының оқушылары дайындаған концерттік бағдарламамен ерекшеленді.