Баспасөз-қызметі
NIS оқушылары АҚШ-та өткен жаһандық сайыста жеңіске жетті
Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS оқушылары АҚШ-та өткен «Yale Tournament of Champions-2023» жаһандық академиялық байқауының жеңімпазы атанды.
Зияткерлер үстіміздегі жылдың жазында Оңтүстік Кореяда «The World Scholar’s Cup-2023» континенттік турнирінің үздік командасы ретінде танылып, чемпиондар біріншілігінің ақтық кезеңіне жолдама алған болатын. Әйгілі Айви лигасына кіретін Йель университетінде өткен дәстүрлі Чемпиондар турнирінде әлемнің 40-тан астам елінен 3000-ға жуық оқушы Scholar’s Challenge, Scholar’s bowl, Team Debate, Collaborative Writing бағыттарында бақ сынады. Тартысты сайыста зияткерлер оза шауып 4 алтын, 1 күміс медальді еншіледі.
Алтын медальді Айла Сайлаубек «Scholar’s Challenge» санатында, Айлин Қажмұқан «Team Debate» санатында, Ерасыл Серіков пен Еңлік Берікжан «Scholar’s bowl» санатында жеңіп алды. Ал «Collaborative Writing» бойынша Балнұр Аманжол алтын медаль, Мұстафарыза Шахин күміс медаль алды. Сонымен қатар командалық жарыста Айла Сайлаубек, Айлин Қажмұқан, Мұстафарыза Шахин Орталық Азияның ең үздік командасы атағына ие болып, алтын медаль иегерлері атанды.
– Чемпиондар турнирін тек кезекті жаһандық жарыс деп айту аздық етеді. Зияткерлер Йель университетінің студенттері және профессорларымен кездесті. Студенттік өмірмен жақын танысып Американың жетекші университетіне түсу үшін World Scholar's Cup әлемдік кубогының өз портфолиоларында қалай пайдалануға болатын білуге мүмкіндік алды,– деді ағылшын тілі және жаһандық перспективалар мен жобалық жұмыс пәндері мұғалімі Әйгерім Серікбаева.