Баспасөз-қызметі
Ганноверлік оқушылар мен мұғалімдер Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS-ке келді
Елордадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Германияның Ганновер қаласындағы Халықаралық мектептен келген достарын қарсы алды.
NIS-тің «Серіктес мектептер» бағдарламасы жыл сайын шетелдегі жетекші білім ордаларының оқушылары және мұғалімдерін қабылдайды. Астанадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп Ганновермен қатар Малайзиядағы «PERMATApintar» ұлттық дарынды жастар орталығы және Ұлыбританиядағы Бирчвуд орта мектебімен серіктестік орнатқан.
Бір апта бойы ганноверлік оқушылар мен ұстаздар Қазақстанның бай әрі бірегей мәдениетіне бойлады. Қонақтар Зияткерлік мектеп оқушыларының үйінде орналасып, қазақ халқының салт-дәстүрлері және әдет-ғұрыптарымен танысты.
Серіктес оқушылар NIS жүйесінің тарихын білу және қазақстандық замандастарының қалай білім алатынын түсіну мақсатында сабақтар мен сыныптан тыс іс-шараларға белсенді қатысты.
Сондай-ақ гонноверлік оқушылар үшін Ұлттық музей, Назарбаев университеті, Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт пен Бурабайға экскурсия ұйымдастырылды.
Айта кетсек, Ганновер халықаралық мектебінің өкілдері 2017-2019 жылдары да Зияткерлік мектепке тәжірибе алмасуға келді.