Баспасөз-қызметі
Елордада NIS-тің кәсіптік бағдар беру кеңесшілеріне арналған семинар өтуде
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушыларына деген қызығушылық елімізде ғана емес, шетелдік ЖОО-лар тарапынан да байқалады. Мұны NIS-тің кәсіптік бағдар беру бойынша кеңесшілеріне арналған дәстүрлі семинарда шетелдік университет өкілдерінің баяндамаларынан аңғару қиын емес.
Күн сайын қарыштап дамып жатқан әлемде өзгеріске дайын мамандарға деген сұраныс жоғары. Мәселен, бір кездері сәнге айналған заңгер мамандығы қазір қажетсіз болып барады. Бүгінде жасанды интеллект пен машиналық оқыту, киберқауіпсіздік саласындағы мамандар көбірек керек. Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы және Түркіменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев өз сөзінде қоғамда жоғары сұранысқа ие мамандықтарды тізбектей келе, Зияткерлік мектептердің түлектерін Дүниежүзілік банкке жұмысқа шақырып, мансаптық өсуге мүмкіндіктердің жоғары екенін айтты. Айтпақшы, құрамында 189 мемлекет бар бұл бірегей жаһандық банкте еңбек ететін қазақстандықтардың қатары қалың.
Жиын барысында Өскемен қаласындағы NIS-тің кәсіптік бағдар беру жөніндегі кеңесшісі Төлеген Берікболов қызықты талдауларымен бөлісті. Егер 10 жыл бұрын Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқушылардың 50%-ы медициналық мамандықтарды таңдаса, IT және туризм салаларына қызығушылық болмаған. Бірақ соңғы 3 жылда жағдай күрт өзгерген. Қазір зияткерлердің 50%-ы IT мамандықтарын қаласа, шамамен 30%-ы туризм, 15%-ы бизнес және медицинаны таңдайды.
– Балалар ойларын тез өзгертеді. Мысалы, 9-сыныпта суретші, 10-сыныпта дизайнер, 11-сыныпта киберқауіпсіздік маманы болғысы келеді. Біздің міндетіміз – оқушыны жолдан тайдыру емес, дұрыс оқу орнын дайындап, таңдауға көмектесу, – дейді Төлеген Берікболов.
Ал шетелдік өкілдер мамандықтар мен олардың жоғары оқу орындарына түсудің артықшылықтары туралы баяндады. Семинар қатысушыларын Campus France өкілі Зеренің баяндамасы көбірек қызықтырды.
Екінші күні кәсіптік бағдар беру бойынша кеңесшілер 4 жетекші университетке барады. Олар Астана IT университеті, Астана халықаралық университеті, Мақсұт Нәрікбаев атындағы университет, Астана медицина университеті.