Баспасөз-қызметі
Елордада буллингке қарсы KiVa бағдарламасы бойынша оқыту басталды
15 сәуірде Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, жазаны қатаңдатудан бөлек, зорлық-зомбылықтың алдын алуға көп көңіл бөлінеді. Назарбаев Зияткерлік мектептері де осындай мәселелерді болдырмау мақсатында KiVa бағдарламасын жүзеге асыруда.
Буллинг отандық және шетелдік педагогтерді алаңдататын маңызды мәселенің бірі. Барлығы отбасынан басталады дегеннің өзінде, мектептегі психологиялық жағдай да маңызды рөл ойнайды. Сондықтан оқушылар арасындағы кикілжің мен келеке ету фактілерін азайту басты назарда болуы тиіс.
KiVa бағдарламасы 2006 жылдан бастап Финляндиядағы Турку университетінде жүргізіле бастады. Бағдарлама сәтті болғаны сонша әлемнің 20-дан астам елі аталмыш бағдарламаны өз мектептеріне енгізді.
Ал 2023 жылы NIS Турку университетінің стратегиялық серіктесі болды және еліміздің мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, буллингке қарсы бағдарламаны бейімдеу бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Осы жылдың қыркүйек айында республиканың 110 мектебінде KiVa-ны енгізу бойынша пилоттық жоба басталады.
Бүгін Зияткерлік мектептер базасында KiVa бағдарламаcы енгізілетін мектеп командаларын оқыту басталды. Тренинг барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин бағдарлама мен оны мектептерге енгізудің маңызына тоқталды.
- Буллингті толығымен жою мүмкін емес. Дамыған елдерде де бұл мәселе бар. Бірақ біз қазіргі көрсеткіштерді минималды деңгейге дейін төмендете аламыз. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы және Премьер-Министрдің орынбасарының бақылауындағы мәселе, – деп атап өтті ол.
PISA жаһандық зерттеуінде балалардың психологиялық жағдайына да назар аударылады. Қолайлы жағдай мен орта болған кезде балалардың оқу үлгерімі жақсарады.
Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Сәдуақасов тренингте әріптестерінің назарын бағдарламаны іске асыру барысына аударды.
– Бағдарламада маңызсыз дүние жоқ. Барлығын бағдарламаға сәйкес, орындаған жөн. Плакаттарды, көрнекі өнімдерді орналастыру қажет. Бір аптадан кейін мектептер кіру мониторингінен өтеді, – деді.
Мониторинг жүргізу мектептердегі буллингтің нақты көрінісін анықтауға мүмкіндік береді. Қазір ресми мәліметтерге сәйкес, мектеп оқушыларының шамамен 20%-ы буллингпен бетпе-бет келеді. Бірақ нақты сандар мұнан да жоғары болуы мүмкін.