Елордада ата-аналар Кеңесінің екінші отырысы өтті

Елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасы жанындағы ата-аналар Кеңесінің екінші отырысы өтті.

Өңірлерден келген NIS ата-аналар комитеттерінің өкілдері бас қосқан жиында білім беру үдерісін одан әрі жақсарту, оқушылар үшін қауіпсіз және жайлы ортаны қамтамасыз ету, сондай-ақ мектеп қоғамдастығын дамыту жөніндегі мәселелерге басымдық берілді.

– Биыл біз қарым-қатынасты нығайту үшін ата-аналар кеңесін құруды ұйғардық. Осы уақыт ішінде Кеңес бізге түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға, ақпараттық жұмыстар жүргізуге және ата-аналарды мектеп өміріне тартуға айтарлықтай қолдау көрсетті. Сіздерге NIS-тің дамуы мен өркендеуі жолында жұмыла атқарған істеріңіз бен бастамаларыңызға шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин.

Айта кетейік, Кеңестің бастамасымен еліміздегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Біз біргеміз» акциясы ұйымдастырылды. Бұл қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдауда маңызды шешім болды.

Отырыс аяқталғаннан кейін Кеңестің жаңа басшысы сайланды. Жаңадан сайланған өкіл мектеп, ата-аналар мен оқушылар арасындағы әріптестік байланыстарды нығайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыратын болады.