Баспасөз-қызметі
Елімізде ауыл мектептерін дамыту жобасы нәтиже бере бастады
Елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы «Ауыл мектебінің өркендеуі – қоғам игілігінің кепілі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылу салтанаты өтті. Жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ляззат Шыңғысбаева, Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев қатысты.
Конференцияның мерекелік ашылуында сөз алған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова білім саласында соңғы жылдары іске асырылып жатқан бағдарламаларға тоқталып, ауылдарды дамытуға арналған жобаға сәттілік тіледі.
– Білім сапасын көтеру мақсатында қазір елдегі үздік мектептердің тәжірибесін өзге білім мекемелеріне тарату ісі жүргізіліп жатыр. Оның өзегінде «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы тұр. Қазірде оған 80 мектеп қатысуда. Екінші кезеңде 200-ге тарта білім ошағы қамтылатын болады, – деді Тамара Қасымқызы.
Ал «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин 330-дан аса ауыл мұғалімінің басын қосқан ауқымды конференцияның маңызын атап өтіп, жобаның ұлттық деңгейде іске асырылуына қолдау білдірген серіктестерге алғысын білдірді.
– Екі күндік Халықаралық конференцияның маңызы ерекше. Өйткені шара аясында спикерлер тек білім беру мәселесі ғана емес, тәрбие процессіне, оқушылардың әл-ауқатына қатысты сұрақтар бойынша әдіс-тәсілдерімен бөліседі. Биылғы оқу жылынан бастап 80 ауылдық мектеппен Назарбаев Зияткерлік мектептері тығыз байланыс орнатып жатыр. Бүгінгі шара сол жұмыстардың жалғасы, - деді ол.
Салтанатты шарада Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының қоғам үшін қажет екенін айтып, ауылдарды дамыту жобасының бұдан әрі де жалғасатынын мәлімдеді.
– Қазақстанда Назарбаев Зияткерлік мектептері сияқты мықты институт бар, мұнда үздік педагогикалық тәжірибелер жүзеге асырылады. Сол тәжірибесімен ауыл мектептерімен бөлісіп отыр. Осындай конференциялар өз жалғасын табады, - деді министрлік өкілі.
Қазір жоба аясында 2400-ге жуық педагог біліктілігін арттырған. Соның нәтижесінде педагогтердің кәсіби сенім деңгейі 15 процентке артқан. Ал тірек мектептердегі оқушылардың сабақты меңгеру көрсеткіші 38%-ға артқан.
– Бүгінгі таңда білім беру саласында «Қазақстан халқына» қоры 9 қайырымдылық жобаны жүзеге асыруда. Қордың білім беру саласындағы жобаларға қолдау білдіруі сапалы білім алу үшін жағдай жасаудың, балалық шаққа салынған инвестиция. Біздің ойымызша, тұрғылықты жеріне қарамастан, әр бала осында және қазір білім алу үшін тең мүмкіндіктерге ие болуы керек. Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен бірлесіп іске асырылып жатқан осы жоба соның айқын дәлелі, – деді Ляззат Шыңғысбаева.
Айта кетейік, конференцияның алғашқы күнінде ұстаздарға Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің құрметті профессоры Колин Маклафлин, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Күләш Шәмшидинова, Нидерландтағы Халықаралық Мектептер Кеңесінің (CIS) атқарушы директоры Джейн Ларссон, Ұлыбританиядағы Anglian Learning Multi Academy Trust компаниясының негізін қалаушы Кейт Эванс, литвалық психиатр Дарюс Радкявичиюс, норвегиялық суретші-карикатурашы Ойстейн Кристиансен және білім беру саласының өзге де танымал шетелдік және отандық сарапшылары өз зерттеулері мен баяндамаларын ұсынды.
Педагогикалық жиын барысында ауыл мұғалімдері отандық және шетелдік авторлардың кітаптарымен танысты. Кембридж университетінің құрметті профессорлары Колин Маклафлин, Лиз Винтер және Наталья Яковец редакциялаған «Mapping Educational Change in Kazakhstan» кітабы мен Дүйшөн Шаматов пен Әйгерім Әлиасқардың «Білімге құштарлық», сондай-ақ ағылшын тілінде жазылған тұңғыш қазақ романнының авторы Ғабит Бекахметовтің «Barsa Kelmes: The Nomads Return» туындысының таныстырылымы өтті.