Зияткерлік мектеп директорлары жаңа оқу жылына арналған негізгі бағыттарды талқылады

Пленарлық отырыстар Зияткерлік мектептердің директорларына арналған «Жыл шолуы: деректерді талдау» тақырыбындағы жұмыс сессиясымен жалғасты.

Мектеп басшылары алдағы оқу жылында сабақтарды ұйымдастыру нұсқаларымен, табысты тәжірибелерімен, сондай-ақ кезек күттірмейтін түйткілдермен бөлісті. Жиын барысында аналитикалық материалдар, өткен жылғы нәтижелер мен оқушылардың үлгерімі туралы статистикалық мәліметтер ұсынылды.

Атырау, Петропавл, Талдықорған және Семей қалаларындағы Зияткерлік мектеп директорлары оқу үдерісіндегі академиялық адалдықтың маңыздылығына тоқталып, оқу жылының қорытындылары мен тәжірибелерімен бөлісті.

Атырау НЗМ директоры Ерәлі Бижанов конференция тақырыбы өзекті екенін, оқушылар мен ұстаздар арасында адалдық мәдениетін қалыптастыруға баса назар аудару қажеттігін атап өтті.

«Оқытудағы адалдық тек оқу жетістіктеріне ғана емес, сонымен қатар оқушылардың тұлғалық дамуына да септігін тигізеді», - дейді Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директоры Данияр Уалиев.

Сондай-ақ сессия барысында сөз алған NIS Басқарма төрағасы жанындағы Республикалық ата-аналар кеңесінің мүшесі Гүлнар Азмағамбетова ата-аналардың оқу үдерісіне араласуы, мектеп пен отбасы арасындағы құндылықтар туралы ортақ түсініктерді қалыптастыруға көмектесу және академиялық адалдық қағидаттарын қолдаудың маңызына тоқталды.

«Beyim.Tech» директоры Нұрсұлтан Дүйсебаев Beyim.ai арқылы оқу үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолдану туралы баяндамасын жасады.

Сессия барысында қатысушылар Тамыз конференциясы сияқты іс-шаралар тәжірибе алмасуға және жаңа идеяларды ынталандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.