Баспасөз-қызметі
Данияр Уәлиев: NIS-тегі олимпиадалық қозғалыстың ерекшелігі – оқушылар жақсы үлгерім мен білім бәйгелеріндегі жетістіктерін ұштастырады
– Олимпиада, бәрінен бұрын, зияткерлік дағдыларды дамытуға ден қояды. Сондай-ақ жарыстарға қатысу көкжиекті кеңейтумен қатар абстрактілік ойлау мен логиканы жақсартады, шығармашылық мүмкіндіктерді арттырады, – деп атап өтті NIS IВ олимпиадалық қозғалысының үйлестірушісі Қымбат Дүйсембаева.
Аяжан Темірболат орыс тілі пәнінен желілік олимпиадаға биыл төртінші рет қатысуда:
– Олимпиада ерекше форматта ұйымдастырылды. Өткен жылдары басқа қалаларда өткізсек, биыл қашықтан жаздық. Дегенмен, байқау өзінің маңыздылығы мен қызықтылығын жоғалтқан жоқ.
Қазақ және орыс тілдері бойынша олимпиадада креативті ойлауға ерекше көңіл бөлінеді. Ақтөбелік Аягөз Ілиясова қазақ тілі мен әдебиеті пәніне ерекше қызығушылық танытады, шығармашылыққа жаны құмар. Биыл желілік жарысқа алғашқы рет қатысып отырған Аягөз бүгінгі білім алаңындағы додаға сақадай сай:
– Олимпиадаға қатысу мен үшін – үлкен мәртебе. Жеке оқытуда болған мен және басқа да қатысушылар бір жыл бойы барын салып дайындалды. Ұстазыммен бірге қазақ тілінің грамматикасын, фотеникасын, синтаксисін, әдебиеттегі ұлы тұлғалардың шығармаларын талдап, эссе жазуды үйрендік. Олимпиадалар білім мен тілдік дағдыларды жақсартуға өлшеусіз үлес қосады.
Көкшетаудағы NIS-тің 12-сынып оқушылары Айгерім Жолданғар мен Камила Касенованың сөзінше, олимпиада тапсырмалары олар үшін қиын болған жоқ:
– Олимпиадаға ағылшын тілінен қатыстық. Бала күнімізден осы пәнге қызыққандықтан, сұрақтар оңай болды. Олимпиада болады деген кезде, таңдауымыз бірден шет тіліне түсті.
Қостанайлық Екатерина Ким орыс сыныбында оқыса да, олимпиадада қазақ тілі пәні бойынша бағын сынауда:
– Бастауыш сыныптан бері қазақ тіліне қызығамын, бұл пән маған оңай болды. Олимпиаға алғаш рет қатысқандықтан, іштей бір қорқыныш сезім бар. Десе де, жетекшіммен біраз дайындалдық, түрлі тапсырмалар мен эсселер жаздық.
Петропавлдағы NIS оқушысы Аруай Кудерова өзінің соңғы оқу жылында мектебінің намысын қайта қорғауға бел буды:
– Мен олимпиада қозғалысына 2017 жылдан бері қатысып келемін. Осы жылдар ішінде өзіме және біліміме деген сенімділіктің өскенін байқадым. Директорымыз Данияр Серікұлы Уәлиевтің айтуынша, NIS-тегі олимпиадалық қозғалысының ерекшелігі – оқушылар жақсы үлгерім мен білім бәйгелеріндегі жетістіктерін ұштастырады. Шын мәнінде, көптеген пәндер бойынша Зияткерлік мектептердің оқушылары елімізде жетекші орын алады. Бұл біздің жүйенің нәтижелілігін көрсетеді. Мен бес жыл бұрын олимпиада қозғалысына қосылғаныма қуаныштмын. Бұл қадам өмірімнің түрлі салаларында септігін тигізді.
– Олимпиадалық қозғалыс әрбір қатысушы үшін маңызды, себебі сүйікті пәні бойынша білімді жетілдіруге, байқау барысындағы күйзеліске қарсы тұруға көмектеседі, – деп Талдықорғандағы NIS оқушысы Ардана Бибатыр өз пікірімен бөлісті.
10-сынып оқушысы Алан Кимнің сүйікті пәні – қазақ тілі. Биыл ол өзінің білімін желілік олимпиадада сынауға шешім қабылдады:
– Алтыншы сыныпқа дейін қазақ бөлімінде оқыдым. Олимпиададағы барлық тапсырмалар түсінікті әрі қарапайым болды. Көптеген адамдар ана тілі ата-анасынан дариды деп ойлайды. Менің ойымша, тіл білу – қалыптасатын дағды.
Қарағандыдағы Зияткерлік мектеп оқушысы Айғаным Алтаева да қазақ тілінен бақ сынады:
– Олимпиада біз үшін – білімімізді шыңдап, мықтылығымызды дәлелдеуде керемет мүмкіндік. Олимпиадаға бірнеше рет қатысқандықтан, өту тәртібімен таныспын. Сонда да бойымда толқу сезімі басым болды. Барлық сұраққа жауап бере алуым ұстазыммен жасаған жүйелі дайындықтың нәтижесі.
Қазақстан тарихын таңдаған 12-сынып оқушысы Әділ Шаяхметов былтырғы республикалық олимпиадада жеңімпаз атанды:
– Олимпиада адамның сыни ойлау қабілетін дамытып, түрлі ғылыми, тарихи дереккөздерге, түпнұсқаларға сүйеніп, ақпаратты анализдеуді талап етеді. Біз тарихшылардың еңбегімен қатар жазушылардың, фольклоршылар мен шежірешілердің еңбектерін зерттеп-зерделейміз.
Ал атыраулық Аида Қалиасқарова олимпиадаға қазақ тілі пәні бойынша екінші рет қатысып жатыр:
– Өткен жылы екінші орын иеленген едім. Өз қалаған мамандығым, бағытым басқа бола тұра, мен қазақ тілі пәнінен қатысып жүрмін, себебі қызығушылығым мол.
Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Әнел Әмірхан тарих пәнінен бірінші рет білімін сарапқа салды:
– Мен үшін тарих күнделікті мектепте өтетін пән ғана емес, бұл – ата-бабаларымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, күнделікті өмірін қалай кешкенін көрсете алатын маңызды білім. Тарихты зерделей келе, көп кітап оқуды әдетке айналдырдым. Ағаш күшті тамырсыз өспейді демекші, тарих та сол тамыр секілді, маған күн сайын күш-қуат береді.
Бүгін NIS-тегі желілік олимпиаданың ең үздік қатысушыларының есімдері анықталады.