Баспасөз-қызметі
NIS пен Cito Педагогикалық өлшеулер институты серіктестіктің 10 жылдығын атап өтті
Елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ білім беруді бағалау мен өлшеу саласында 55 жылдық тарихы бар Нидерландтық Cito Педагогикалық өлшеулер институтымен 10 жылдық серіктестік мерейтойын атап өтті.
Институт Зияткерлік мектепке 7 сыныпқа оқушыларды конкурстық іріктеу жүйесіне атсалысып, кеңес беріп келеді. Соның нәтижесінде оқушыларды мектепке қабылдау емтихандарының өзіндік шарттары мен ашықтығы қалыптасып отыр. Білім саласында жоғарғы беделге ие институттың сертификаттары бүкіл әлемде ерекше бағаланады.
Салтанатты шара аясында NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин шетелдік қонақтарға ылтипат көрсетіп, бірлескен серіктестік үшін алғысын жеткізді. Сондай-ақ ортақ жоба Назарбаев Зияткерлік мектептері мамандары үшін баға жетпес тәжірибе екенін, білім мен дағдыларды меңгеріп, бүкіл ұйымның кәсіби әлеуетін арттыруға ықпал еткенін атап өтті.
«Бүгін барлығымыз үшін айтулы күн, өйткені Cito Педагогикалық өлшеулер институты өкілдері серіктестігіміздің 10 жылдығын атап өту үшін арнайы келді. Өздеріңіз білетіндей, Cito институты әлем бойынша бағалау жүйесінде жоғары беделге ие ұйымның бірі. Сондықтан осы ұзақмерзімді бірлескен жұмыс Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесі үшін жоғары мәртебе мен жетістік деп айтуға толық негіз бар», – деді Әнуар Қанатұлы.
Ал NIS пен институт арасындағы бірлескен жобаның жетекшісі Нико Диетерен Зияткерлік мектептерге оқушыларды конкурстық іріктеу жүйесінің әлемдік жоғары стандарттарға сәйкестігін растайтындығын айтты. Сонымен бірге серіктестік оқушылардың сапалы білім алуы мен дамуын қамтамасыз ететін сенімді көпірге айналғанын жеткізді.
«Біз 10 жыл ішінде тек серіктес емес, дос болып үлгердік. Алғаш рет 2013 жылы Қарағандыда іріктеу конкурсы өткен болатын. Сол кезде шәкірттердің жалындағын көздерін көрдім. Мен сіздердің педагогтеріңіздің дамып жатқанын да байқап отырмын. Қазір осы ауқымды жұмыстың бәрін Зияткерлік мектептің педагогтері өздері де атқара алатын деңгейге жетті», – деді ол.
Мерекелік кеште Назарбаев Зияткерлік мектептері атынан нидерландтық Cito Педагогикалық өлшеулер институты өкілдеріне алғыс хаттар мен марапаттар берілді.
Өз кезегінде Cito Педагогикалық өлшеулер институты атынан NIS Педагогикалық өлшеулер орталығының директоры Лейла Тұрсыноваға екі ұйым арасындағы стратегиялық серіктестік сертификаты табысталды.