Баспасөз-қызметі
Book Took: Бірегей экологиялық кітап алмасу платформасы
Өскемендегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Айзере Хайдарова, Алина Қапар және Әлжан Мүшелбаев «Book Took» бірегей экологиялық платформасын жасап, авторлық құқық алды. Жоба 2024 жылдың наурыз айында қолға алынған. Негізгі мақсаты – кітап алмасуға арналған ыңғайлы кеңістік құру. Платформа кітап табуға ғана емес, сонымен қатар пайдаланушыларға шығармаларды өзара алмастыруға мүмкіндік береді. Бұл жаңа баспа кітаптарына деген қажеттілікті азайтып, экожүйеге түсетін жүктемені азайтады.
– Платформаны әзірлеу үшін озық технологиялар қолданылды. Жалпылама ғылыми түрде түсіндіретін болсақ «Фронтенд» бөлімі үшін HTML, CSS және JavaScript таңдалып, ыңғайлы әрі бейімделгіш интерфейс жасалды. Ал «Бэкенд» бөлімі Python тілінде Django фреймворкі негізінде құрылып, жоғары өнімділік пен деректер қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жүйенің маңызды бөлігі «PostgreSQL» дерекқорды пайдалану болып табылады, ол пайдаланушылардың деректерін қауіпсіз сақтауға және өңдеуге жағдай жасайды. Қосымша қауіпсіздік үшін «SSL-шифрлау» және екі факторлы аутентификация енгізілген, – дейді жоба жетекшісі Ерасыл Асқарұлы.
Алдағы уақытта «Book Took» жобасы цифрлық экожүйенің маңызды бөлігіне айналатыны сөзсіз. Осы жоба әдебиетке қызығушыларды және әлемді таза етуге ниеттенген азаматтарды бір арнаға біріктіре алады. Платформа бүгінгі таңда экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешуде жоғары әлеуетке ие, ал оның дамуы пайдаланушылар мен әзірлеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына күмән жоқ.