Баспасөз-қызметі
Болашақ мектептің табысты моделі – басқарудың жаңа бағыты
Семейдегі NIS-те Абай облысы мектептерінің директорлары мен орынбасарларына Педагогикалық шеберлік орталығының командасы мен EdCrunch Academy бірлесіп әзірлеген «Білім беру ұйымын басқару» компьютерлік симуляторының мүмкіндіктері таныстырылды.
– Қазіргі мақсат – мектептің табысты моделін құру. Осы бағытта виртуалды тренажердің маңызы зор, себебі білім беру ұйымының қандай деңгейде тұрғанын, қай жерде қалыс қалғаны мен нені дамыту керек екендігін көрсетеді, – дейді Семейдегі Шәкәрім атындағы №5 мектеп-гимназиясы директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары Нұргүл Мұқанова.
Аягөз қаласындағы №1 орта мектептен келген Анар Мұстафина семинардың басқарушылық қызметке жаңадан орналасқан мамандарға таптырмас көмек болғанын атап өтті:
– Замануи білім ошақтарының даму жолы жаңаша әрі жан-жақты ойластырылған болу керек. Жиын барысында көкейдегі барлық сауалдарға жауап алдық.