«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез»

NIS Педагогикалық шеберлік орталығының сұранысқа ие «Шабыт» алаңы әдебиет пен өнерге құмар жандардың басын қосты

Ақын, журналист, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Мақпал Жұмабай және балалар ақыны, елге танымал «Мұнара» рухани-танымдық газетінің бас редакторы, Жазушылар одағының мүшесі Серікбол Хасанмен Астанадағы халықаралық бакалавриат мектебінде өткен кездесу оқушылар мен мұғалімдерге шабыт сыйлап қана қоймай, ақындық пен жазушылықтың құдіретінен сыр шертті.

– Қазақ балалар әдебиетінің болашағы зор. Бүгінде туындыларымыз әнмен әрленіп, бимен көркемделіп, анимация мен мультипликациялық фильмдерге арқау болуда, – деп атап өтті Серікбол Хасан.

Өзінің шығармашылығын балдырғандар әлеміне арнаған Серікбол Хасан заманның басты басымдықтарының бірі – ата-ана мен бала арасындағы байланысты жақында ғана тұсауы кесілген «Әкесі мен қызы» атты кітапта көркем сөзбен жеткізе білген.

Ал Z ұрпағын жігерлендіріп, мамандық таңдауға қатысты ойымен ашық бөліскен Мақпал Жұмабай түрлі саланы меңгерудің трендке айналғанын, табысқа жету үшін жан-жақты бола білудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ жастарды табандылық пен батылдыққа шақырды:

– Өмірде түрлі қызықтар мен қиындықтар, жетістіктер мен жеңілістер болады, сондықтан сәтсіз кезеңдерден, ол туралы айтудан қорықпаңыздар!

«Шабыт» жұлдыздарының жылы естеліктерімен бөлісуі жүздесудің ең әсерлі сәтіне айналды. Алғашқы ұстаздарын еске алған Мақпал Жұмабай мен Серікбол Хасан бала ғұмырында ата-анадан кейінгі адамның мұғалім екенін алға тартып, педагогикалық қызметтің жауапкершілігі мен беделі жайында да сөз қозғады. Оқушыларды толғандырған сауаларға жауап берді.

Айта кетейік, NIS Педагогикалық шеберлік орталығының «Шабыт» жобасы аясында өткен шара биылғы кездесулер топтамасының соңғы нүктесін қойды.