Баспасөз-қызметі
«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық Қоғамдық Қорының басшылығы NIS мамандарын білім беру бағдарламаларымен таныстырды
Назарбаев Зияткерлік мектептері мен арасындағы «Білім -Инновация» лицейлерімен екіжақты тәжірибе алмасу процестері жалғасып жатыр. Жақында қабылданған меморандум аясында NIS мамандары «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық Қоғамдық Қорында болып, 30 жылдық тарихы бар білім ұясының жеткен жетістіктері мен оқыту әдістемесімен танысты.
Лицейлердегі білім беру жүйесіне оқушылардың оқу жетістіктерінің нәтижелерін бағалау жүйесі сәтті интеграцияланған. Әр тоқсан сайын оқушылардың білімін тексеру сынағына арнайы мониторинг жүргізіліп, соның нәтижесінде мектептердің үлгерім көрсеткіші белгілі болады. Бұл лицей мен Қор басшылығына әрбір оқушының қай пәннен артта қалғанын, түсінбеген тақырыптарды жеке пысықтап, талдауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ өкілдеріне БИЛ-дың оқушыларға ұлттық тәрбие мен құндылықтарды сіңіру бойынша тиімді тәсілдері ерекше қызықты болды. Өйткені лицей оқушыларының тығыз қарым-қатынасы мен қазақи тәрбиесі кімді болмасын таңғалдырмай қоймасы анық.
– Біз «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық Қоғамдық Қоры бір үлкен білім беру экожүйесін дамытып жатырмыз. Лицейлерде оқушыларды отансүйгіш, елінің нағыз патриоты ретінде тәрбиелеп, салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл құндылыққа бағытталған білім беру арқылы жүзеге асырылады. Әр кезде әртүрлі құндылық таңдалады. Соған сай тиісті тақырыптық іс-шаралар өткізіледі. Күн сайын, әрбір сабақта құндылықтар жайында жиі әрі тереңірек түсіндірілсе ол оқушы ойында міндетті түрде қалады, – деді «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық Қоғамдық Қорының бірінші вице-президенті Ержан Әубәкіров.
Тәжірибе алмасу жиынында Қор шығарған баспалар мен әдістемелік материалдардың таныстырылымы да өтті. Сондай-ақ Халықаралық Қордың елдегі оқу-ағарту саласына қосып жатқан үлесі сөз болды.