Баспасөз-қызметі
Башқұртстан педагогтері Зияткерлік мектептердің тәжірибесімен танысты
Башқұртстанда да ана тілінің қолданыс аясын кеңейту өзекті мәселе. Бұл проблемамен күресте не істеуге керек, ағылшын тілі үстемдік еткен заманда балаларға үштілде білім берудің тиімді жолы қандай? Осы және өзге де мәселелер бойынша Зияткерлік мектептердің тәжірибесімен танысу үшін Башқұртстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі және білім саласының белді өкілдері Астанаға арнайы келді.
Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бойынша қабылданған шаралар нәтижесін беріп келеді. Қазір қазақстандық оқушылардың жартысынан көбі қазақ мектептерінде оқиды. Биылғы жылы мектеп бітірушілердің 75%-дан астамы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырған. Ал Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқыту қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жүргізіледі.
Жиын барысында Нефтекамск полилингвалды көпсалалы мектеп-интернатының директоры Ильдар Мұртазин үштілде білім берудің маңызын айта келе, Башқұртстанда ағылшын тілінде білім беретін педагогтердің жоқ екенін айтты.
– Башқұртстан басшысы Радий Хабировтың қолдауымен ана тілімізде сөлеуді насихаттап отырмыз. Әсіресе, бұл процессті мәдениет арқылы жүргізіп келеміз. Біздің мектебіміз бұған дейін Ақтаудағы NIS-пен ынтымақтаса жұмыс істеген. Бұл жолғы сапарымыз да сәтті болады деп сенемін, – деді ол.
Учалин ауданы №9 көпсалалы мектебінің директоры Эльвира Мұхамедярова да Зияткерлік мектептердің тәжірбиесімен танысу қызық әрі мазмұн болғанын айтады. Оның сөзінше, небәрі 15 жылда білім ұясының жоғары жетістікке жетуі тынымсыз еңбекті көрсетеді.
– Мені мектептердегі ер мұғалімдердің көптігі таң қалдырды. Бұл ұлдар үшін маңызды тәрбие беру тетігі. Сонымен бірге, мектеп өміріне ата-аналардың белсене араласуы. Мен Сіздерде «Берік отбасы», «ата-аналар комитеті» бағдарламалары бар екенін білдім, – деді.
Басқосу барысында қонақтар түрлі сұрақтарына жауап алды. Әсіресе, «сапалы кадрлардан» айырылып қалмау үшін не істеу керектігі ұзақ талқыланды. Өйткені, NIS түлектерінің білім деңгейі жоғары әрі әлемдік стандарттарға сай келеді. Алайда Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин бұдан қорқуға еш негіз жоқ деді.
– Біздің мектеп түлектерінің тек 1,5%-ы шетелде жұмыс істейді. Мысалы, олардың бірі Ұлыбританиядағы Range Rover-де қызметте. Кейін Қазақстанда автомобиль өндірісі дамыған кезде оның жылдар бойғы тәжірибесі бізге қажет болады, – деді ол.
Башқұртстаннан келген қонақтар ұйымның орталықтары мен Beyim білім беру платформасының коммерциялық жобалар көрмесімен де танысты.
Кездесу нәтижесінде Башқұртстандағы №1 Республикалық көптілді көпсалалы гимназия мен Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында меморандумға қол қойылды.